– дейді грек-рим күресінен Токио Олимпиадасы мен Азия ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Ақжол МАХМУДОВ

Ақжол Махмудовтың Instagram парақшасынан

Спорт сүйер қауым Ақжол Махмұдовтың есімін жақсы біледі және оны ерекше құрмет тұтады. 1999 жылдың 15 сәуірінде Қырғызстанның Ош облысы Араван ауданында қарапайым отбасында туып-өскен ол бозбала шағында-ақ балуандық өнерге мықтап ден қойып, уақыт оза тарихта қаларлықтай талай іс тындырды. Ақжолдың әлем чемпионы, Олимпия ойындары мен Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы және тағы басқа толып жатқан атақтары бар. Ал егер бұл балуан сәуір айынның бел ортасында ғана 24 жасқа толатынын ескерсек, Махмұдовтың үлкен спорттағы жарқын жеңістері әлі алда деп нық сеніммен айтуға болады. Күні кеше ғана Ақжолмен сұхбаттасқан едік.

Ақжол, грек-рим күресі тарихында сенің есімің Қырғызстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихта қалды. Ал Олимпиада бағдарламасына енген күрестің барлық түрін алсақ, саған дейін Айсұлу Тыныбекова мен Мейірім Жұманазарова ғана дәл осы атаққа қол жеткізген екен. Спорттың мансабыңды осындай жарқын жеңістермен бастағаныңа өзің де риаза шығарсың? 

– Бүгінгі деңгейге жетуі үшін мен жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы жарыстарда біраз тер төктім. 2015-2017 жылдар аралығында әлем және құрлық біріншіліктерінде бас жүлдені олжаладым. Басқа да турнирлерде топ жардым. Тек содан кейін барып қана ересектермен күш сынаса бастадым. Аллаға шүкір, бұл дүрмекте де өзімде мойындата алдым. Әрине, тарихта қалатындай іс тындыра алғаныма өте ризамын. Бірақ алда әлі талай биік белестер бар. Соларды бағындырып, Қырғызстанның спорттық даңқын арттыру үшін бар күш-жігерімді саламын.   

Сенің алдыңдағы екі ағаң да балуандық өнерді серік еткен екен. Олардың қол жеткізген табыстары қандай?

– Үлкен ағам – Бексұлтан 97 кило салмақтағы Қырғызстанның белді балуандарының бірі. Оның кадеттер арасында әлем және Азия чемпионатының жүлдегері деген атағы бар. Ортаншы ағам – Сыймық елішілік жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді.

Әр спортшының биік белестерді бағындыруына білікті бапкерлердің тікелей себепші болатыны баршаға мәлім. Ал сенің осы салдағы ұстаздардың кім?  

– Қырғызстанда Қанатбек Бегалиев есімді мықты балуанның барын жақсы білесіздер. Ол – Олимпиада мен әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері, Азия чемпионы. Сегізінші сыныптан бастап мен дәл сол саңлақты баптаған білікті бапкер Мейрамбек Ахметовтың қол астында жаттығамын. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Мейрамбек аға менің спорттағы ғана емес, өмірдегі де ұстазым. Ал оның алдында Жениш Сатыбалдиевтен тәлім-тәрбие алдым. Сондай-ақ, қазіргі кездегі ұлттық командамыздың бапкерлері Азат Еркінбаев пен Ұлықбек Қарашолақовтың де еңбегін ерекше атап өткім келеді.  

Шетелдік жанкүйерлер сені 2018 жылдан бері жіті тани бастады. Ересектер арасындағы дүбірлі додаға алғаш рет қатысып отырғаныңа қарамастан Бішкекте өткен Азия чемпионатында бас жүлдені қанжығаға байладың. Ол кезде 19 жасқа да толған жоқ едің…  

– Күрес қырғыздардың қанында бар. Мен бала кезімде Азия чемпионаты Бішкекте өтіп, өз жерлестерімнің көз алдында барлық қарсыласымды сыпыра ұтып, алтын тұғырға көтерілсем де қиялдайтынмын. Араға жылдар салып, ол арманым орындалды. Арада бес ай өткеннен соң Азия ойындарына қатыстым. Жакартадағы жарыста 77 кило салмақта күш сынасып, финалға дейін жеткенімен шешуші тұста Иранның даңқты балуаны Мохаммадали Гераиге есе жіберіп, күміс медальді иелендім. 

–  Дәл сол жылы сен Алматыға келіп, Болат Тұрлыхановтың мемориалында белдестің. Бірақ өз деңгейіңде өнер көрсете алмай, қалың топтың арасында қалып қойдың. Жасыратыны жоқ, сол жарыста біз Азия чемпионы, Азия ойындарының финалисі деген атағы бар балуаннан әлдеқайда тәуір нәтиже күткен едік…

– 2018 жылы көп жарысқа қатысып, маусымның соңын Болат Тұрлыхановтың турнирімен қорытындылауды жөн көрдім. Шыны керек, Алматыға шаршап келдім. Соған қарамастан, өз-өзімді сынап көруге бекіндім. Бірақ ширек финалда Әлем кубогінің күміс жүлдегері, ресейлік Ираклий Каландиядан ұтылып қалдым.

– 2019 жылы ауыр ауыр жарақат алып, шетелде ота жасатқан екенсің…

– Футбол ойнап жүріп, қапияда қатты жарақат алдым. Соның әлігімен жарты жылдай үлкен спорттан қол үзуге тура келді. Сол кезде маған алты ай алты жылдай болып көрінген еді. Күресті сағынғаным соншалық, толықтай айықпай қайта жаттығуға кірістім. Ол жерде жарақатымды асқындырып алып, тағы біраз уақыт ем-дом қабылдадым. Әйтеуір, спорт саласының басы-қасында жүрген азаматтар мен жора-жолдастарымның көмегінің арқасында Германияда ота жасаттым. Барлығы сәтті өтіп, қайта қатарға қосылдым. Десек те әр қиындықтың артында бір жеңілдіктің болатынын ішім сезді. Есесіне жарақатымнен толықтай айыққаннан соң Токио Олимпиадасында жеңіс тұғырына көтерілдім. Сол үшін де Аллаға алғысым шексіз. Сонымен қатар, мен қиналып жүргенде мемлекеттің көрсеткен қолдауы мен жәрдеміне күні бүгінгі дейін қатты ризамын. Ұйықтасам да, тұрсам да қырғыз халқының алдында қарыздар екенімді бір сәтке де естен шығарған емеспін. Сол үшін де елім мен жерімнің, ағайын-туыстарым мен жанкүйерлерімнің сенімін ақтау үшін еш аянып қалмаймын.

– 2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында атой салдың. Шыныңды айтшы, өзің сол межеден көрінемін деп ойладың ба?

– Төртжылдықтың басты додасына өте жақсы даярлықпен келдім. Әр айқасқа құштарлана шығып, әр жеңістен кейін керемет әсерге бөлендім. Әр табыс менің сенімімді нығайтты. Оның үстіне Лондон мен Рио-де-Жанейрода біздің балуандар күрестің үш түрінен де медаль алмаған еді. Сол кезде қырғыздар Олимпиада медаліне сусап тұрған. Сол олқылықтардың орнын толтыру керек болды. Тұсаукесер кездесуде Тунистің тумасын тізе бүктірдім. Одан кейін әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы, Әлем кубогінің иегері, әзербайжандық Рафик Гуссейнов пен Еуропа ойындары мен чемпионатының жүлдегері, армениялық Карапет Чалянға шаң қаптырдым. Бірақ финалда Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы және сол жарыстың үш дүркін жүлдегері, төрт дүркін Еуропа чемпионы, Мажарстанның мақтанышы Тамаш Леринцке жол беріп, күміс медальді қанағат тұттым. 

– Финалдық сайыста саған не жетпеді деп ойлайсың?    

–  Жакартадағы Азия ойындарында қандай қателік жіберсем, Токиода да сәл сондай олқылық орын алды. Ақтық айқаста өз әлеуетімді толықтай пайдалана алмадым. Оның үстіне, қарсыласым да өте күшті дайындалып келген екен. Тәжірибесі әбден толысқан, көптеген дүбірлі додаларда атой салған 35 жастағы даңқты Тамаш Леринц Күн шығыс елінде алтын медальді олжалады да, үлкен спортпен қош айтысты. Бұл атаққа ол әбден лайық еді. Алла қаласа, келесі жылы Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойындарында көздеген мақсатыма қол жеткіземін деп ойлаймын.

–  2022 жылы екі бірдей байрақты бәсекеде топ жардың. Алдыменен Ұланбатырдағы Азия  біріншілігінде бас жүлдені олжаласаң, көп ұзамай Белградта қарсылас шақ келтірмедің. Сербияның астанасындағы сол жарқын жеңісіңді жадыңда бір жаңғыртсаң…

–  Бастапқы үш бәсекеде Бразилия, Мексика және Түркия спортшыларына сан соқтырдым. Жартылай финалда Оңтүстік Коряның оғыланы, Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы, Азия біріншілігінің бес дүркін жеңімпазы Ким Хен Уды ұттым. Жалпы екеуміз оған дейін екі мәрте кездесіп, екі ретінде де менің мерейім үстем болды. Ақтық сайыста мажарстандық Золтан Леваиды жықтым.  

– Финалдық сайыста қарсыласыңды екі минутқа жеткізбей айқын басымдықпен ұттың. Сонда жасағаның екі-ақ әдіс. Бас жүлде үшін тартыс осылай ақталады деп өзің де ойламаған шығарсың?

Золтан Леваи да өте мықты балуан. Содан бір-екі ай бұрын екеуімздің жолымыз халықаралық турнирлердің бірінде қиысқан еді. Ол кезде мен ұтылып қалдым. Бұл жолы сақадай сай әзірлікпен келдім. Бірақ, шыны керек, бәсеке осылай тез аяқталады деп еш ойлаған жоқпын. Алты минут бойы айқасатын шығармыз деп пайымдадым. Бозкілемге сондай настроймен шықтым. Мажарстанның өкілі шабуылдағанда қарымта әдіске жүгініп, оны алып ұрдым. Сол үшін де маған төрт ұпай берілді. Жауырынымен жерге қадауға тырысқан едім, Золтан қауіпті жағдайдан құтылып кетті. Көп ұзамай қарсыласымды төрттағаннан жұлып алып, тағы бір лақтырдым. Нәтижесінде 8:0 есебімен айқын жеңіске қол жеткіздім.

– Сол кезде қарсыласыңыз қанда күйде болды?

Шынымды айтам, дәл сол сәтте Золтан Леваиға қарауға мұршам да болмады. Өйткені, өзім де эмоциямды жасыра алмай, бапкерлерім мен командалық әріптестерімінің құшағына енген едім.

– Ақжол, сен Қырғызстанның грек-рим күресі шеберлері арасынан алғашқы болып әлем чемпионы атандың. Осындай деңейге жеткен адам қандай сезімде болады екен?   

– Жалпы күрестің барлық күріне тоқталатын болсақ, менің алдымда 2019 жылы Астанада өткен лицензиялық әлем чемпионатында Айсұлу Тыныбекова дараланды. Ол кезде мен аяғыма ота жасатып жатқанмын. Тыныбекованың табысы мені қатты қанаттандырды, мықты мотивация берді. Жаттығу залында шелектеп тер төгіп, бозкілемде аянбай айқассам, бұл белесті бағындыра алатыныма сенімді болдым. Оған Айсұлу әпкеміздің жүріп өткен жолы дәлел. 2021 жылы Ослода ол сол нәтижесін қайталаса, Мейірім Жұманазарова да алтыннан алқа тақты. Көп ұзамай мен де чемпиондық тұғырға көтерілдім. Осының барлығы Алла тағаланың арқасы. Жаратушы иеміз осындай мол жақсылықты маған не үшін үйіп-төгіп беріп жатқанын өзім де кейде түсінбей қаламын.  

–  Дүбірлі додаларда дараланғаннан кейін отандастарың үлде мен бүлдеге ораған шығар?      

– Олимпиададан кейін ел президенті Садыр Жапаров қабылдап, екінші дәрежелі «Манас» орденін кеудеме тақты. Пәтер де алдым, көлік те міндім. Үкімет және федерация тарапынан ақшалай сыйлық та берілді. Бір сөзбен айтсақ, әр жарыстан кейін мемлекет еңбегімізді лайықты бағалауда. Содан кейін халықтың, ағайын-туыстардың арасында болып, бірнеше ай бойы тойладық. Бұл жағынан біз қазақтарға ұқсаспыз (күлді).

– «Акула» деген жанама есімді неліктен таңдадың?     

– Кезінде Дағыстанда ұлты құмық Арслан Зубаиров деген мықты балуан болды. Соны жанкүйерлер «Акула» деп атайтын. Арсланның күрес мәнері маған қатты ұнайтын. Инстаграмын қарасам, «Акула» деп жазып қойыпты. Содан кейін мен де осы жанама есімді иеленуді жөн көрдім.  

– Өзіңнің бір сұхбатыңда Өзбекстанның туы астында өнер көрсеткен қазақтың ұлы Елмұрат Тасмұратовты үлгі тұтатыныңды айтқан екенсің. Саған ол балуанның қандай қасиеттері ұнады?

Әлі де Елмұрат ағамызды ерекше құрметтеймін. Ол кісінің күрес мәнері айрықша. Әркез шабуыл өтінде жүріп, қарсыластарын үнемі қыспақта ұстайды. Олардың дамылдауына еш мүмкіндік бермейді. Өзі де соңғы секундтарға дейін аянбай арпалысады. Жасаған әдістері де өте керемет әрі әсерлі. Міне, маған оның сол қасиеттері ұнайтын. Әрине, тегін спортшы Олимпиадада қола алып, әлем чемпионатында үш рет жеңіс тұғырына көтерілмейді ғой. Сонымен қоса, Тасмұратов Азия біріншілігінде бес рет бас жүлдені олжалады.

– Ал қазіргі кезде өнер көрсетіп жүрген қазақ балуандарымен қарым-қатынасың қалай? Достарың бар ма, кімдермен жақсы араласасың? 

– Қазақ пен қырғыз бір туған ғой. Сол себепті де барлығымен жақсы қарым-қатынастамын. Олардың маған қонақжайлығы мен қарапайымдылығы ұнайды. Қазақстанда оқу-жаттығу жиыны өткен кезде спортшылар ғана емес, бапкерлер мен массажистеріне дейін бізге көп жәрдемдеседі. Жұма намазға да бірге барамыз. Жекелеген балуандар жайында айтар болсақ, ағайынды Ернұр мен Ернар Фидахметовтер, Марлан Мұқаш, Қаһарман Қисметов және басқа да жігіттермен жақын араласамын. Ал Алмат Кебісбаев жайында әңгіме мүлде бөлек. Оның өнері мен ой-өресі, қайсарлығы мен табандылығы тамсандырмай қоймайды. Жасы 35-ке келсе де, халықаралық аренада өте жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Мен Алмат ағамның жасына жеткенде олай күресе аламын ба, әлде жоқ па, ол жағын айта алмаймын.       

– Әңгімеңе рахмет, Ақжол!  Көздегені мақсаттарыңа қол жеткізуіңе шын көңілмен тілектеспін.

–  Сіздерге де шоң рахмет! Біз бауырлас халық болғандықтан, мен де әркез қазақ балуандарының биік белестерден көрінсе деп тілеймін.