- 28.09.2025
Биылғы жылдың қараша айында World Boxing (WB) конгрессінде жаңа президент сайланады. Сол сәтті барша спорт сүйер қауым тағатсыздана күтуде.
Осыған дейін WB-ның басшылығына үміткерлер саны екеу ғана еді. Олар – Қазақстанның әйгілі кәсіпқой боксшысы, ең белді нұсқалар бойынша орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы, еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Грекияның бокс қауымдастығының жетекшісі Харис Мариолис.
Күні кеше ғана тағы бір үміткердің есімі белгілі болды. Ол – Владимир Кличко. 49 жастағы Украинаның атақты боксшысы бізге бөтен емес. Владимир 1976 жылдың көктемінде Семей өңірінде дүниеге келді. Оның балалық шағы Қазақстанда өтті. Кейіннен бұл отбасы өздерінің тарихи отандарына оралды. Боксқа мықтап ден қойған Кличко уақыт оза әуесқойлар арасында Атланта Олимпиадасының жеңімпазы, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
1996 жылдың соңында Владимир кәсіпқой рингтегі өзінің тұсаукесер кездесуін өткізді. 20 жылдан аса уақыт аралығында барлығы 69 жекпе-жек өткізген ол 64 рет жеңіске жетіп, 54 қарсыласын есінен тандырды. Бес мәрте ұтылып, тағы бір кездесудің нәтижесі есепке алынбады. Украинаның дүлдүлі аса ауыр салмақта ұзақ уақыт бойы ең белді WBO (2000-2003, 2008-2015), IBF (2006-2015), IBO (2006-2015) және WBO (2011-2015) нұсқаларының чемпиондық белбеуіне иелік етті. 2017 жылы шау тартып қалған шағында Лондонда Ұлыбританияның алыбы Энтони Джошуадан жеңілгеннен кейін Владимир былғары қолғабын шегеге ілді. Оның туған ағасы Виталий Кличко да кезінде әлемдегі ең белді боксшылар санатында болды. Ол да әлем чемпионы атанып, сол атағын сан мәрте сәтті қорғады. Қазіргі кезде Виталий Владимирұлы Киев қаласының мэрі қызметінде.
Үміткерлер саны осымен шектеліп қалмайтыны анық. Өйткені, өтініш қабылдау мерзімі конргесс басталуына тура 1 ай қалғанға дейін жалғасады. Ал WB-ның қазіргі президенті, нидерландтық функционер Борис Ван дер Ворст екінші мерзімге сайлауға түсуге өз еркімен бас тартты.







