UFC-де аса жеңіл салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген Бекзат Алмаханның кезекті қарсыласы белгілі болды. 22 қарашада Катардың бас шаһары – Дохада өтетін турнирде ол Александр Топуриямен айқасады.     

Бекзат Алмаханның инстаграм парақшасынан

Топуриялар әулетінен екі бірдей мықты спортшы  шықты. Мәселен, Александрдың туған інісі Илья аралас жекпе-жекті серік еткелі 17 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 15 бәсекеде айқын басымдық танытты.  Былтырғы жылдың 17 ақпанында ол аустралиялық Александр Волкановскиді ұрып жығып, жартылай орта салмақтың чемпиондық тәжін иеленді. Қазан айында америкалық Макс Холлоуэйді есінен тандырып, өз атағын қорғады. Ал биыл небары жарты минут аралығында бразилиялық Чарльз Оливейраның осал тұсын оңай тауып, жеңіл салмақтың чемпионы атанды. Германияда туып-өсіп, Испанияның туы астында өнер көрсетіп жүрген 28 жастағы грузин жігіті бүгінгі таңда UFC-дің  Р4Р (pound-for-pound) нұсқасы бойынша теңдессіз деп танылып отыр. 

Міне, дәл сол Ильяның ағасы Александр Топурия біздің Бекзат Алмаханға қарсылас атанып отыр. 29 жастағы файтер грек-рим күресі, бразилиялық джиу-джитсу, бокс және кикбоксты жетік меңгерген. Аралас жекпе-жектен өтетін жарыстарға да ара-тұра ғана қатысып тұрады. Осы күнге дейін ол жеті рет октагонға шығып, алты рет жеңіске жетті. Бес бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Александр өз кездесулерінің басым бөлігін Испанияда өткізіп, Андреас Чигуано, Алехандро Румин, Лукас Тенорио, Альберто Ибанез және Йоханн Сегасқа сан соқтырды. Осыдан 10 жыл бұрын ол болгариялық Иво Ивановтан ұтылды. 

Биыл Александр Топурия UFC келесімшартқа отырып, Аустралияның Сидней қаласында ұйымдастырылған алғашқы кездесуінде жергілікті спортшы Колби Тикнеспен күш сынасты. Бұл бәсеке грузиялық файтердің жеңісімен аяқталды.

Бекзат жайында айтар болсақ, оның жасы 27-де. Ол Жамбыл облысы Байзақ ауданының тумасы. Шердогы – 14 жекпе-жек, 12 жеңіс. «Тұран әскері» деген бүркеншік есімді таңдаған қандасымыз 10 қарсыласын нокаутқа бір рет «сабмишн» тәсілін қолданды. Былтыр UFC-дегі тұсаукесер кездесуін Алмахан даңқы жер жарған Хабиб Нұрмағамедовтың інісі Умарға қарсы өткізді. Бәсеке барысында оны нокдаунға да жіберді. Бірақ ақырында ұпай санымен ұтылды. Есесіне Бекзат биыл мамырда Канаданың Монреаль қаласында өткен айқаста Үйеңкі жапырақтар елінің өкілі Брэд Катонаны кескен теректей сұлатып салды. Қазақтың қайсар ұлына осындай жарқын жеңіске қол жеткізу үшін небары 1 минут 04 секунд жеткілікті болды.

Парсы шығанағында жалауы желбірейтін жарыста біз Бекзат бауырымызға сәттілік тілейміз. Александр Топурияны жеңуге оның күш-жігері жететініне сенімдіміз. Қандасымыз нокаутпен ұтып жатса, оған да таңданбаймыз. Сондай-ақ, дәл сол турнирде қазақтың тағы бір таңдаулы тұлғасы Асу Алмабаев та өнер көрсетеді. Сол кеште «Зұлпықар» америкалық Алекс Переспен айқасады.