Алматыда шахматтан жасөспірімдер (U-8, U-12) арасында өткен әлем бірінішілігінде Қазақстан құрамасы толағай табысқа қол жеткізіп, жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленді.  

Kazchess

Алатау баурайында 88 мемлекеттен келген 842 қатысушы бақ сынады. 11 турдан тұрған жарыс швейцариялық жүйе бойынша өтті. Жер жаһанның аса дарынды жас өрендері бас қосқан байрақты бәсекеде бірінші болып Алиша Бисалиеваның (G8) бағы жанды. Шешуші тұста Чжу Цзяхэ (Қытай) мен Болд-Эрдене Целмегті (Моңғолия) басып озған ол бас жүлдені олжалады.

Өз қатарластарының барлығын қапы қалдырған Әдинұр Әділбектің (O8) де асқан шеберлігіне тәнті болдық. Ол да алтын алды. Күміс пен қола медальді Фёдор Сидельников (Ресей, FIDE) мен Ван Юйсюань (Қытай) қанағат тұтты. 12 жасқа дейінгі ойыншылардың сайысында Данис Қуандықұлы (O12) мен Әли Пойраз Өздемир (2196, Түркия) мәреге бірдей жеткенімен, қосымша көрсеткіштер бойынша қандасымыз Анадолы елі өкілінің алдын орады.

Сөйтіп, үш алтынға қол жеткізген Қазақстанның шахматшылары жарыс кестесінде жеке-дара көш бастады. Екінші және үшінші орындарды Қытай мен АҚШ құрамалары еншіледі. Былтырғы жылы да жерлестеріміз алдарына жан салмаған еді. Биыл сол нәтижені қайталадық.

 

Kazchess