Норвегияның Ферде қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты
мереге жетті. Бұл жарысқа Қазақстанның төрт спортшысы ғана
қатысты. Олар – Едіге Емберді, Петр Хребтов, Әлібек Рахымберді және
Сұлтан Мейрам.

Ұлттық олимпиада комитеті

Жоғарыда есімдері аталған жерлестеріміздің арасында 79 кг салмақтағы
Едіге Егемберді ғана А тобында күш сынасты. Ол жастардың әлем
біріншілігінде екі рет топ жарып, Азия чемпионатында алдына жан салмаған
дарынды спортшы. Аталған жарыста құрлықтық рекордты жаңартқаны тағы
бар. Десек те, бұл жарыста Едіге сақа спортшылармен терезесі тең өнер
көрсете алмады. Фердеде қазақ жігіті 351 (155+196) кг-лық көрсеткішпен
алтыншы орынды қанағат тұтты. Осы салмақтың бас жүлдесін Париж
Олимпиадасының жеңімпазы индонезиялық Ризки Джуниянсян олжалады.
Оның нәтижесі – 361 (157+204) кг. Бұл – дүниежүзілік рекорд! Әлем
чемпионы деген атағы бар солтүстікореялық Ри Чон Сон күміспен күптелсе,
жастардың әлем біріншілігінің жеңімпазы мысырлық Мұхаммед
Әбделрахман қолаға қол созды. Екеуі де 360 кг-лық зілтемірді еңсерді. Ал
Петр Хребтов (79 кг) пен Әлібек Рахымберді (88 кг) В тобында және Сұлтан
Мейрам (110 кг) С тобында сайысқа түсті. Жерлестеріміз қалың топтың
арасында қалып қойды.
Скандинавия түбегіндегі тартыста әйелдер арасында Солтүстік
Кореяның қарқыны өте күшті болды. Сол елдің спортшылары бес салмақтың
бас жүлдесін олжалады. Қалған алтында АҚШ, Норвегия және Оңтүстік
Кореяның өкілдері өзара бөлісті. Ерлердің бәсекесінде Қытай, Түркия,
Таиланд, Индонезия, Колумбия, Болгария, Өзбекстан және Арменияның
зілтеміршілері бір-бір реттен топ жарды.

Өткенге зер салсақ, 1993-2024 жылдар аралығында Қазақстанның ауыр
атлеттерінің басынан талай қуанышты сәттер мен қиын кезеңдер өткенін
жанкүйерлер жақсы біледі. Тәуелсіз мемлекет ретінде әлем
чемпионатындағы алғашқы табысымызға 1993 жылы қол жеткіздік. Ол кезде
әлі бабын жоғалта қоймаған даңқты Анатолий Храпатый Мельбурнде
команданың қоржынына қола медаль салды. 1995 жылы Гуанчжоуда А.
Храпатый өз көрсеткішін қайталаса, Андрей Макаров дәл сол межеден
көрінді. Ел спортының еңсесін көтеріп жүрген саңлақтар үлкен спорттан қол
үзгеннен кейін біраз уақыт бойы отандастарымыз елеулі табыстарға қол
жеткізе алмады. 1997-2003 жылдар аралығында өткен жарыстарда тегістей
ұтылдық.
200 жылы Дохадағы додада Илья Ильин дараланды. Сол кезден бастап
қазақ жанкүйерлері 17 жастағы аса дарынды жастың жолына үмітпен барай
бастады. Ол үміт ақталды. Сыр бойының сайыпқыраны келесі жылы Санта-
Домингода да қарсылас шыдатпады. 2009 жылы Қазақстан құрамасы өз
тарихында теңдессіз табысқа қол жеткізді. Оңтүстік Кореяның Гоянг
қаласында 4 алтын, 1 қола медальді олжалаған жерлестеріміз жалпы
командалық есепте Қытайдан кейінгі екінші орынды иеленді. Ол бәсекеде
Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Владимир Седов
қарсылас шақ келтірмесе, Владимир Кузнецов қолаға қол созды. Алайда
арада біраз уақыт өткеннен соң В.Седовтың допинг қолданғаны анықталып,
ол алтыннан айырылды.
2010 жылы Антальяда М.Манеза мен С.Подобедова алдарына жан
салмады. 2011 жылы Парижде З.Чиншанло мен И.Ильин алтын тұғырға
көтерілсе, М.Манеза мен С.Подобедова күміспен күптелді. Соңғы екі
жарыстың жалпы есебінде үздік үштікті түйіндедік. 2013 жылы Польшаның
Вроцлав қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатында қос жүлдені
еншіледік. Алмас Өтешов күміс медальді иеленсе, Владмир Седов қола
медальді қоржынға салды. Алайда үштөбелік оғыланның қанынан тағы да

рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектердің нышандары табылды. Сол себепті оның
қоласы есепке алынбады.
2014 жылы әлем чемпионаты тұңғыш рет Қазақстанда
ұйымдастырылды. Алатау баурайында өткен жарыста Жасұлан Қыдырбаев
пен Илья Ильин бас жүлдені қанжығасына байласа, Кирилл Павлов қола
медальді мойнында жарқыратты. Әйелдер бәсекесінде Зүлфия Чиншанло
алтыннан алқа тақса, Жазира Жаппарқұл күміс медальді жеңіп алды. 2015
жылы Хьюстонда Нижат Рагимов пен Александр Зайчиков қарсылас шақ
келтірмесе, Ж. Жаппарқұл күміс, С. Подобедова қола медальді еншіледі.
Шамамен сол уақытта ол ауыр атлетика саласында үлкен дүрбелең
басталып, көптеген саңлақтардың допинг қолданғаны анықталды. Абыройдан
жұрдай болған олар атақтарынан айырылып қана қоймай, түрлі мерзімне
спорттан шеттетілді. Бұл жайсыз жағдай біздің спортшыларды да айналып
өтпеді. Отандастарымыз да Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің
(WADA) қаһарына ұшырады. Ол аздай, Халықаралық ауыр атлетика
федерациясы (IWF) 2017 жылы АҚШ-тың Анахаймы мен 2018 жылы
Тәжікстанның Душанбе қалаларында ұйымдастырылған әлем
чемпионаттарынан шеттеті.
2019 жылы қатарға қайта қосылып, Паттайада жалғыз Игорь Сонның
күмісіне қанағаттандық. 2021 жылы Ташкентте Арлей Чонтей шашасына шаң
жұқтырмады. 2022 жылы Богатода Нұрғиса Әділетұлы күміс алса, Алексей
Чуркин қолаға қол созды. 2023 жылы Эр-Риядта бірде-бір жерлесіміз жеңіс
тұғырына көтеріле алмады. Былтыр Манамада жалауы желбірген жарыста үш
жүлдеге қол жеткіздік. Атап айтсақ, Нұрғиса Әділетұлы мен Артем Антропов
теңдессіз деп танылса, Алексей Чуркин (81 келіге дейін) күміс жүлдегер
атанды.