- 14.10.2025
19-25 қазан аралығында Индонезияның бас шаһары – Джаркартада
спорттық гимнастикадан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем
чемпионатының жалауы желбірейді. Әдеттегідей 14 жүлде жиынтығы
сарапқа салынатын жарыста Қазақстанның туы астында алты
жерлесіміз өнер көрсетеді.
Аталған жарыстың 122 жылдық тарихы бар. КСРО дәуірінде спорттың
бұл түрінде Нелли Кимнің жасындай жарқылдағаны жанкүйерлердің
жадында. Шымкентте білікті бапкер Владимир Байдиннен тәлім-тәрбие алған
сымбатты қыз 1974-1979 жылдар аралығында ұйымдастырылған әлем
чемпионаттарында 5 алтын, 4 күміс және 2 қола медальді иеленді. Олимпия
ойындарының жеңімпазы Юрий Цапенконың қол астында жаттыққан
Наталья Ильенко 1981 мен 1985 жылдары еркін жаттығуда алдына жан
салмады. Едіге Жаровтың шәкірті Валерий Люкин 1987 жылы бас жүлдені
олжаласа, 1991 жылы алтын мен күмісті қанжығасына байлады. Шамамен
сол кездері Владимир Новиков екі дүркін әлем чемпионы атанды. Одан
бөлек, жоғарыда есімдері аталған жерлестеріміз Олимпия ойындарынан
бастап, басқа да аса ірі халықаралық жарыстарда мол олжаға кенелді.
1993 жылдан бері Қазақстанның гимнасшылары дүбірлі додаларға жеке
команда ретінде қатыса бастады. Арада төрт жыл өткеннен соң
Швейцарияның Лозанна қаласында Сергей Федорченко қолды тіреп
жасалатын жаттығуда алдына жан салмай, алтын тұғырға көтерілді. Содан
кейін спортшыларымыз түрлі жауапты жарыстарда жақсы нәтиже
көрсеткендерімен, әлем чемпионаттарында көпке дейін жолдары болмады.
Тек 2023 жылы Бельгияның Антверпенінде Милад Каримидің қанжығасы
майланды. Ол керме жаттығуында қола медальді еншіледі.
Қазақстан құрама командасының бапкерлері Джакартадағы жарыста
Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов пен
дүниежүзілік додада үздік үштікті түйіндеген Милад Каримиге зор сенім
артып отыр. Сондай-ақ, Инзонезияның астанасында Дмитрий Патанин, Ильяс
Әзизов, Диас Тойшыбек және Зейнолла Ыдырысов өнер көрсетеді. Бұл
жігіттер де осал емес. Олар талай жауапты жарыстарда жүлде алған сақа
спортшылар. Олай болса, биылғы әлем чемпионатынан жерлестеріміз
жеңіспен оралатынына сеніміміз зор.


