- 27.09.2025
Мамыр айында Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте өткен әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген былғары қолғап шеберлері таяуда Алматыға келіп, республикалық бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышевтың қолынан мол көлемде ақшалай сыйлық алды. Сол кезде жуан жұдырықты жігіттермен тілдесудің реті келді.
– Нұрбек, Ташкенттегі жеңісің құтты болсын!
– Көп рахмет, аға! Бұл табысымды мен талай жылдар бойы жаттығу залы мен шаршы алаңда төккен терімнің өтеуі деп білемін. Ел сенімі мен бапкерлердің ерен еңбегін ақтай алғаныма өзім де қатты қуанып отырмын. Кезінде маған дұрыс бағыт беріп, үнемі қолдау көрсетіп жүрен ата-анам, туған-туыстарым және барша қазақ жанкүйерлеріне деген алғысым шексіз.
– Бәздің білуімізше, әкең кезінде еркін күреспен шұғылданған екен. Ал сенің балуандық өнерді емес, боксты таңдауыңа не түрткі болды?
– Боксқа байдың балалары келмейтіні белгілі ғой. Біз болсақ, қарапайым отбасында тәрбиелендік. Бірде әкем сыңарым Айбек екеуімізді Астанадағы «Алатау» спорт кешеніне ертіп апарды. Ондағы ойы – күреске беру еді. Кездейсоқ алдымыздан Асқар Еркебаев есімді жаттықтырушы жолықты. Ол кісі «Мен бұрыннан осындай егіз балаларды боксқа баулып, соларды чемпион етіп тәрбиелеп шығаруды мақсат тұтып жүр едім» деп ақжарма көңілін ақтарды. Ол кезде Асқар аға небары 22 жаста. Алдына биік мақсат қойған жас маманның айтқаны сөз қадірін түсінетін әкемінің көңілінен шықса керек, ол еш қарсылық білдірмеді. Оның үстіне үйірме тегін екен. Қарапайым отбасы үшін бұл да кәдімгідей көмек. Осылайша, бокс залынан бір-ақ шықтық.
– Бұған дейін жастар буыны арасындағы жарыстарда жасындай жарқырағаның белгілі. Өз қатарластарының арасында қандай табыстарға қол жеткіздің?
– Айбек екеуміз өмірде ғана емес, үлкен спортта да қатар келе жатырмыз. 2018 жылы мен жастар арасындағы құрлық біріншілігінде күміс медальді иеленіп, көп кешікпей әлем чемпионы атандым. Бауырымда бәрі керсінше болды. Ол құрлықта қарсылас шыдатпаса, дүниежүзілік додада күміспен күптелді. Одан бөлек, Айбек 2018 жылы Аргентинаның астанасы – Буэнос-Айресте алауы тұтанған жасөспірімдердің Дүниежүзілік Олимпиадасында алтын тұғырға көтерілді.
– Ересектер дуына қосылу еш қиындық туғызған жоқ па?
– Бәрі сәтімен болды. 2019 жылы Спартакиадада топ жардым. 2020 жылы ел чемпионатының финалында ұтылсам, 2021 жылы қайта чемпион болдым. Айбек сол жарыстардың барлығында алдына жан салмады. Содан екеуміз былтыр Белградта ұйымдастырылған әлем чемпионатында күш сынасу құрметіне бөлендік. Бірақ тәжірибенің аздығынан бізге жүлде алу бақыты бұйырмады. Мен ширек финалда Сербияның туы астында өнер көрсеткен ресейлік Владимир Мирончиковтан ұтылсам, Айбек 1/8 финалда Өзбекстанның намысын қорғаған қазақ жігіті Мадияр Сайдрақымовқа есе жіберді. Бірақ 2022 жылғы Аммандағы Азия чемпионатының финалында бауырым дәл сол Садрақымовқа сан соқтырып, бас жүлдені олжалады.
– Аммандағы сары құрлықтың басты додасында сен қола медальді қанағат тұттың. Бас жүлде үшін таласуға не кедергі болды?
– Иорданияның астанасындағы жарысты жап-жақсы бастағымен, жартылай финалда Хуссейн Ишайшпен күш сынастым. Ол оған дейін 91 және +91 кило салмақ дәрежелерінде айқасып, Азия чемпионатында үш рет қола медальді иеленді. Рио мен Токио Олимпиадаларында ширек финалға дейін жетті. Амманда Хуссейн 80 кило салмақта сынға түсті. Екеуіміз тең дәрежеде айқастық. Бірақ біраз ойлана келе төрешілер жергілікті былғары қолғап шеберінің қолын көтерді.
– Ташкенттегі әлем чемпионаты қалай өтті? Бастапқы бәсекелерде кімдермен қолғап түйістірдің?
– Бастапқы бәсекелерде Әзербайжан мен Түркия боксшыларын ұттым. Одан кейін Иорданияның өкілімен қайта жолым қиысты. Сол Хуссейн Ишайштен былтыр мен ұтылып қалған едім. Кеткен есемді қайтару үшін осы бәсекеде барымды салдым. Бұл жолы менің басымдық танытқаныма төрешілердің еш күмәні болмады.
– Жартылай финалда реселік Имам Хатаевпен күш сынастың. Токио Олимпиадасында ол әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетовты ұтып, қола медальді иеленді. Кәсіпқойлар арасындағы барлық жекпе-жегін айқын жеңіспен аяқтады. Осындай мықты боксшымен күш сынасарда бойыңда қобалжу болды ма?
– Менде қорқу, қаймығу, қобалжу деген мүлде болмайды. Алдына биік мақсат қойған әр боксшының жолында атағы алысқа жайылған ерен тұлғалар мен дүлей күш иелерінің кездесетіні анық. Олармен жұдырықтаспасаң, бұл спорт түрінің шарықтау шыңына көтерілу мүмкін емес. Соны қаперіме түйіп, шаршы алаңға жұлқынып шықтым. Қалай да ұтуды көздедім. Бапкерлерімен ақылдаса отырып, дұрыс тактика құрдық. Рингте ағаларымның айтқанын бұлжытпай орындап, қарсыласымды қапы қалдырдым.
– Сонымен, финалға жолдама алдың…
– Шешуші тұста Қытайда дүниеге келген қандасымыз Тоқтарбек Таңатқанмен айқастым. Оған құрған тактикам мүлде бөлек болды. Бұл бәсекеде тізгінді бірден қолға алуға тырыстым, Аллаға шүкір, жоспарым ойдағыдай жүзеге асып, жеңіске жеттім. Финалдық сайыстан кейін ғаламтордағы көптеген комментарияларды оқып отырсам «Кім ұтса да, қуанар едік. Екеуі де қазақтың ұлы ғой» деп жазып жатқандар көп. Әрине, бір жағынан ондай уәжбен келісуге де болады. Бірақ қарсыласым жеңіске жеткенде, Қытайдың әнұраны шырқалатын еді. Соны да естен шығармаған жөн. Ал мен күллі әлемге қазақтың әнұранын естіттім. Жеңіс тұғырына көтерілген сәтте Тоқтарбекке де дәл осы әңгімені айттым. Ол «Мен де қатты қуанып тұрмын. Өйткені, әр қазақтың жеңісі – баршамызға ортақ» деп тіл қатты.
– Әлем чемпионатында сендерге қолдау көрсету үшін әке-шешең де Ташкентке барған екен. Алайда Айбек алғашқы айналымда ұтылып қалған кезде көңілі құлазыған анаң елге оралауға бекінген екен. Осы әңгімені өз аузыңнан естісек…
– Ата-анам Ташкентке 3 мамыр күні барды. Арада екі тәулік өткеннен соң екеуміз де тұсаукесер кездесу өткіздік. Мен жеңіске жеткеніммен, Айбек ұтылып қалды. Былтырғы Азия чемпионатында оның алтын алып, мен үшінші орынды қанағат тұтқанымды жоғарыда айттым. Әке-шешемнің маған қарағанда Айбекке көбірек сенім артуының себебі сол. Кешкісін жалдаған пәтерімізде бас қостық. Барлығымыздың да көңіл-күйіміз жоқ. Шай үшіп отырған кезде анам «Біз енді бұл жақты не істейміз. Одан да елге қайтайық» деп айтып қалды. Қапелімде аузыма сөз тұспей «Мен ше, мама? Сонда маған сенбейсіздер ме?» дедім. «Балам-ау, саған да сенеміз ғой. Бірақ сол жекпе-жектеріңді үйде отырып-ақ, теледидардан көргеніміз жөн шығар» деп жауап қайырды. Әрине, ата-анамның ешқайда кетпейтіні белгілі ғой. Олай мені солай қайрауды құп көрсе керек. Негізі сол әңгіме дұрыс болды. Анамның бір ауыз сөзі маған үлкен мотивация берді. Ташкенттің төрінде қазақ елінің, әке-шешемнің және барша жанкүйерлердің сенім үдесінен шығу үшін еш аянбай айқасып, ақыры әлем чемпионы атағына қол жеткіздім.
– Әңгімеңе көп рахмет, Нұрбек! Келешекте Айбек екеулеріңнің бағындырған белестерің бұдан да биік болсын!
– Бізді елеп, қуанышымызға ортақтасып отырғандарыңыз үшін сіздерге де мың алғыс!







