- 21.10.2025
Қазақтың әйгілі кәсіпқой боксшысы, IBF пен WBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы өзінің келесі жекпе-жегін 6 желтоқсанда АҚШ-тың Сан-Антонио қаласында өткізеді. Бұл бәсекені атышулы «Premier Boxing Champions» промоутерлік компаниясы ұйымдастырып отыр.
«Qazaq Style» жанама есімін иелеген Жәнібек кубалық Эрисланди Ларамен күш сынасады. 42 жастағы Гуантанамоның тумасы 2005 жылы Қытайдың Миньян қаласында әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанғаны есімізде. Сол жарыстың жартылай финалында біздің Бақтияр Артаевтан басым түскен еді. Кезінде Лара түрлі турнирлерде Бақыт Сәрсекбаевпен екі рет жолы қиысып, одан екі де қандасымыздың мерейі үстем болды. 2007 жылы ол Бразилияда өткен Панамерика ойындары барысында шетелге қапшақ болады. Бірақ жергілікті сақшылардың қолына түскен кубалық қабылан отанына қайтарылды. 2008 жылы Эрисланди сол әрекетін екінші мәрте қайталады. Бұл жолы астыртын жоспарын жүзеге асып, ол Германиядан бір-ақ шығады. Одан кейін Америкаға аттанады.
Кәсіпқой рингтегі өзінің тұсаукесер кездесуін Лара 2008 жылдың жазында өткізеді. Сол кезден бері 36 мәрте шаршы алаңға көтеріліп, 30 бәсекеде жеңіске жетті. 18 қарсыласын нокаутқа жіберді. Ол тек 2011 жылы Пол Уильмстен, 2014 жылы Сауль Альварестен және 2018 жылы Джерретт Хертдтан ұпай санымен ғана ұтылды. Ал 2011 жылы Карлос Амадо Молина, 2012 жылы Ванес Мартиросян және 2019 жылы Брайан Костаноға қарсы өткен жекпе-жектерде тең есеп тіркелді. Қазіргі кезде Эрисланди WBA нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуді иеленуде.
Ад Жәнібек Әлімханұлының жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. 32 жастағы қазақ жігіті кәсіпқой боксты серік еткен тоғыз жыл аралығында 17 рет рингке көтеріліп, барлық бәсекеде жеңіс тойын тойлады. 12 қарсыласын есінен тандырды. Қазіргі кезде «Qazaq Style» екі бірдей белді нұсқа бойынша чемпиондық атақты иеленіп отыр.







