Перудың астанасы – Лимада 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында рапид пен блицтен әлем чемпионаты аяқталды. Бұл жарыста бағы жанған Ксения Балабаева алтыннан алқа тақты.  

Ксения Балабаеваның инстаграм парақшасынан

Рапидтен швейцариялық жүйе бойынша өткен додада 20 мемлекеттен келген 133 қатысушы өнер көрсетті. Солардың арасынан Ксения озып шықты. Бәсекелер басталған бетте жарыс кестесінде жеке-дара көш бастаған жерлесіміз соңғы күні өзбекстандық Умида Омонованы ұтты. Одан кейін көршілес елдің тағы бір өкілі Афруза Хамдамова және ресейлік Анна Журовамен тең ойнады. Осы бәсекелерде жиған ұпайлар 19 жастағы Ксения Балабаеваға әлем чемпионы атану үшін жеткілікті болды. Аталған жарыста бақ сынаған Лия Кұрманғалиева мен Әмина Қайырбекова үздіктер қатарына қосыла алмады. Қазақстанның қос дарынды шахматшысы Лимада қалың топтың арасында қалып қойды.

Ксения Балабаеваның инстаграм парақшасынан

Естеріңізге сала кетейік, Балабаева мен Қайырбекова былтыр Будапеште өткен Дүниежүзілік шахматшылар Олимпиадасында өрелі өнерлерімен көзге түсіп, күміс медальді иеленген еді. Сол жұлдызды команданың сапында Ксения мен Әминадан бөлек, Бибісара Асаубаева пен Меруерт Камалединова да өнер көрсетті.