Сербияның Нови Сад қаласында күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионаты (U-23) аяқталды. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы бес жүлдемен қорытындылады. Бірақ осы нәтиженің өзі жерлестерімізге жалпы командалық есепте үздіктер қатарынан көрінуге жеткіліксіз болды.

Ұлттық олипиадалық комитет

Грек-рим күресінен өткен жарыста жерлестеріміз үш жүлдеге қол жеткізді. Солардың арасында Юсуп Мациев ең табысты өнер көрсетті. 97 кг салмақта айқасқан астаналық апайтөс жапониялық Кио Китаваки, армениялық Аршак Гегхамиян және ресейлік Максим Аверинді жеңіп, бас жүлде үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Бірақ шешуші тұста Юсуп әлем чемпионы (U-20) украиналық Егор Якушенконы еңсере алмады. Сөйтіп, Мациев күміс медальді қанағат тұтты. 72 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Мерей Мәулетқанов алғашқы айналымдарда болгариялық Сергей Стоев пен түркиялық Ерен Ұлқуды ойсырата ұтқанымен, жартылай финалда өзбек Аброр Атаевтан айласын асыра алмады. Ал үшінші орын үшін белдесуде Ресей өкілі Даниил Григоревтің тас-талқанын шығарып, қолаға қол созды. 82 кг салмақтағы Омар Сатаев та дәл сол межеден көрінді. Бастапқы бәсекелерде мысырлық Аболфази Мохмеди мен мексикалық Диего Торесті тізе бүктірген отандасымыз ширек финалда Молдованың марқасқасы, жастар арасындағы әлемнің екі дүркін чемпионы Александр Гутуға жол берді. Одан кейін Омар жапониялық Реон Какегва мен бельгиялық Ибрагим Табаевтың осал тұсын оңай тапты.

Жеңіс тұғырына көтерілуге Ерасыл Мамырбековтің (55 кг) де зор мүмкіндігі болды. Бастапқы бәсекелерде барлық бәсекелесінен басым түскен ол жартылай финалда ресейлік Әлібек Әміровке жол берді. Одан кейін қандасымыз үшінші орын үшін тартыста үндістандық Вишважит Мореден жеңілді. Ал Исхар Құрбаев (60 кг), Нұрдәулет Қапас (63 кг), Бағдат Сабаз (67 кг), Нұрасыл Аманәлі (77 кг), Мақсат Сайлау (87 кг) және Жоһар Узаров (130 кг) үшін Сербия сапары сәтсіз аяқталды.

Грек-рим күресінен әлем чемпиондары: 55 кг – Елмир Әлиев (Әзербайжан), 60 кг – Кото Гоми (Жапония), 63 кг – Зия Бабашов (Украина), 67 кг – Мұхамед Әбделрахим (Мысыр), 72 кг – Хоссейн Мохамеди (Иран), 77 кг – Ирфан Мирзоев (Украина), 82 кг – Александр Гуту (Молдова), 87 кг – Чоламреза Джавад Фарухисенджани (Иран), 97 кг – Егор Якушенко (Украина) және 130 кг – Фарид Шабан Хедаяти (Иран).

Былтыр Тиранада жалауы желбірген жарыста жеңіс тұғырына сынық-сүйем қалғанда сүрінген Лаура Ғаниқызы (50 кг), Зейнеп Баянова (53 кг) және Алина Ертөстік (76 кг) осы жолы жеңіс түғырына көтерілетін шығар деп үміттендік. Осыдан төрт жыл бұрын дүниежүзілік додада дара шыққан Нилуфар Раимоваға (57 кг) да айрықша сенім артылды. Бірақ биылғы додада олар тым нашар күресті. Лаура тұсаукесер кездесуінде польшалық Наталья Валчак, Алина Патриция Кубер және Нилуфар үндістандық Неха Шармадан ұтылды. Ал Зейнеп жұбаныш белдесуде ресейлік Викторя Волкқа есе жіберді. Сол секілді талай ірі дүрмекте ысылған Виктория Хусаиновадан (65 кг) да қайыр болмады. Ширек финалда ол әзербайжандық Хюнай Құрбанованың алдында осалдық танытты.   

Сенім артқан сұлуларымыз бірінен кейін бірі ұтылып жатқанда есімі көпшілікке беймәлім Шұғыла Өмірбек жарқ етіп шықты. Бұған дейін көп көзге түспеген қазақ қызы Дунай өзенінің жағалауында шеберліктің шынайы үлгісін көрсетті. 55 кг салмақта сайысқа түскен ол әлем біріншілігінің (U-23) күміс  жүлдегері, молдовалық Михаила Самойл, кадеттердің әлем біріншілігінің финалисі, румыниялық Александра Войукелеску және Еуропа чемпионы (U-20), германиялық Амори Андричтің аяғын көктен келтірді. Финалда қазақ қызы түркиялық Туба Демирмен айқасты. Бұл белдесуде Өмірбек өзінің жанкештілігі мен табандылығының арқасында азулы қарсыласының уысынан жеңісті жұлып әкетті. Сөйтіп, Шұғыланың есімі U-23 жарысында алдына жан салмай, әлем чемпионы атанған қазақтың тұңғыш бұрымды балуаны ретінде тарихта қалды.  

Әйелдер күресінен әлем чемпиондары: 50 кг – Жунлу Лиан (Қытай), 53 кг – Харуна Марикава (Жапония) , 55 кг – Шұғыла Өмірбек (Қазақстан), 57 кг – Акари Фуджинами (Жапония), 59 кг – Рука Натами (Жапония), 62 кг – Сакура Матоки (Жапония), 65 кг – Елизавета Петлякова (Ресей), 68 кг – Несрин Бас (Түркия),  72 кг – Нұрзат Нұртаева (Қырғызстан) және 76 кг – Кайл Рене Уилкер (АҚШ).

Еркін күрес шеберлері сайысында тек Ризабек Айтмұханның ғана жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетті. 97 кг салмақта сайысқа түскен ол бастапқы бәсекелерде түркиялық Ибрагим Бенекли, испаниялық Аймар Егуиноа және америкалық Гаравус Коуекабахилахоны мерзімінен бұрын ұтты. Жартылай финалда Айтмұханның жолы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы Араш Ёшидамен қиысты. Дәл осы жапон балуаннан біздің жігіт соңғы екі маңызды жарыста ұтылған еді. Бұл жолы да Ёшидамен өзінің мықтылығын мойндатып, қандасымызға соқыр ұпай да ұстатпады. Қола медаль үшін сайыста Ризабек әлем чемпионы (U-20), ирандық Абдолфазал Бабалоодан басым түсті. 

Өкінішке қарай, өзге жерлестеріміз сенім мүддесінен шыға алмады. Джахонгир Ахмаджанов (57 кг), Мерей Базарбаев (61 кг), Диас Сағатов (74 кг), Айбек Айтбеков (92 кг) және Бауыржан Советов (125 кг) тұсаукесер кездесулерінде сүрінді. Махамбет Мәмбетов (86 кг) екінші кезеңде жеңілістің кермек дәмін татты. Жартысты сәтті бастаған Рүстем Төленді (65 кг) ширек финалда қырғызстандық Билол Шәріпұлы шаң қаптырып кетті. Осы межеде Майс Әлиев (70 кг) ирандық Сина Махди Халилиге және Ерхан Әбіл (79 кг) ресейлік Никита Маевскийге есе жіберді.

Еркін күрестен әлем чемпиондары: 57 кг – Люк Лиллендаль (АҚШ), 61 кг – Джексен Форрест (АҚШ) , 65 кг – Сунжит Сунжит (Үндістан), 70 кг – Хенан Хейбатов (Әзербайжан), 74 кг – Оуэн Месенбринк (АҚШ), 79 кг – Леви Хейнес (АҚШ), 86 кг – Арсен Балоян (Ресей), 92 кг – Мохамадмодин Азими (Иран), 97 кг – Араш Ёшида (Жапония) және 125 кг – Абдолфазл Нежад (Иран).

«Нови Садтағы көрсеткішке көңіл толды ма?» деген сауалға нақты жауап беру үшін соңғы екі чемпионаттың нәтижелеріне зер салған жөн. 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы жарыстың екеуі де Тиранада ұйымдастырылған еді. 2023 жылы грек-рим күресінен өткен бәсекеде 67 кг салмақ дәрежесінде белдескен Сұлтан Әсетұлы алтын тұғырға көтерілді. Финалда ол түркиялық Мұстафа Йылдырымды тізе бүктірді. Бұл – Қазақстан балуандарының осы жарыс тарихындағы тұңғыш алтыны! Шешуші тұста грузиялық Георгий Тохадзенің осал тұсын таба алмаған Исхар Құрбаев (55 кг) күміс медальді қанағат тұтты. Еркін күрес шеберлері сайысында тек Асылжан Есенкелді (61 кг) жеңіс тұғырына көтеріле алды. Финалда ресейлік Башир Магомедовке есе жіберген қандасымыз екінші орынды еншіледі. Қыздар арасында Алтын Шағаева (53 кг) мен Ирина Кузнецованың (62 кг) қарқыны қуантты. Екеуіне де қола медаль бұйырды.  Ал 2024 жылы 97 кг салмақтағы Ризабек Айтмұханның асқан шеберлігіне тәнті болдық. Барлық қарсыласын сыпыра ұтқан Алаштың айбарлы ұлы әлем чемпионы атанды. Өкінішке қарай, өзге жерлестеріміздің Албанияның астанасында асығы алшыснан түспеді. 

Ұлттық олипиадалық комитет