- 21.10.2025
20-27 қазан аралығында Сербияның Нови Сад қаласында күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр.(U-23) Осы жарыста Қазақстанның да спортшылары күш сынасуда.
Аталған жарыста жерлестеріміз табысты өнер көрсетуде. Алысқа бармай-ақ, Тиранада ұйымдастырылған соңғы екі чемпионаттың нәтижелеріне тоқталсақ та жеткілікті деп ойлаймыз. 2023 жылы грек-рим күресінен өткен бәсекеде 67 кг салмақ дәрежесінде белдескен Сұлтан Әсетұлы алтын тұғырға көтерілді. Финалда ол түркиялық Мұстафа Йылдырымды тізе бүктірді. Бұл – Қазақстан балуандарының осы жарыс тарихындағы тұңғыш алтыны! Шешуші тұста грузиялық Георгий Тохадзенің осал тұсын таба алмаған Исхар Құрбаев (55 кг) күміс медальді қанағат тұтты. Еркін күрес шеберлері сайысында Асылжан Есенкелдінің (61 кг) ғана жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетті. Финалда ресейлік Башир Магомедовке есе жіберген қандасымыз екінші орынды еншіледі. Қыздар арасында Алтын Шағаева (53 кг) мен Ирина Кузнецованың (62 кг) қарқыны қуантты. Екеуіне де қола медаль бұйырды.
2024 жылы Албанияның астанасында 97 кг салмақтағы Ризабек Айтмұханның асқан шеберлігіне тәнті болдық. Бастапқы бәсекелерде канадалық Каллум Уильямс Нокс пен беларусьтік Владислав Козловты мерзімінен бұрын айқын басымдықпен ұтқан ол жартылай финалда Ресейдің апайтөсі Шәміл Гаджиалиевті жеңді. Финалда Иранның пехлеваны Мехди Морофаннан айласын асырған Ризабек әлем чемпионы атанды. Жалпы сол кездері жасы әлі 20-ға да толмаған аса дарынды балуанның жұлдызы жарқырай жанды. 2023 жылы Айтмұханның есімі ересектер арасында еркін күрестен Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихта қалса, келесі жылы 20 жасқа дейінгілердің дүниежүзілік додадасында (U-20) дара шықты. Міне, енді U-20 жарысында алдына жан салмады.
Тиранада тағы екі жерлесіміздің жеңіс тұғырына көтерілуге жақсы мүмкіндігі болды. Өкіншіке қарай, оны олар ұтымды пайдалана алмады. Қола медаль үшін бәсекеде еркін күрес шебері Алан Оралбек (57 кг) ресейлік Юнус Явбатыровқа, әйелдер күресінің өкілі Лаура Ғаниқызы (50 кг) жапониялық Уми Итоға, Зейнеп Баянова (53 кг) моңғолиялық Отгонтуя Шинболдқа және Алина Ертөстік (76 кг) Күн шығыс елінің тағы бір мықтысы Нодока Ямомотоға жол беріп, бесінші орында қалып қойды.
Былтыр «классиктердің» жалпы командалық есебінде Иран құрамасы озса, екінші және үшінші орынды Грузия мен Армения иеленді. Бұрымдылар бәсекесінде АҚШ алдына жан салмады. Одан кейнгі сатыларға Жапония мен Украина жайғасты. Еркін күресте де Иранның пехлавандарына тең келер команда табылмады. Екінші орынды Жапония еншілесе, Әзербайжан үздік үштікті түйіндеді.
Биыл Сербияда өтетін әлем чемпионатында еркін күрестен басты үміт Ризабек Айтмұханға артылатыны сөзсіз. Алаштың айбарлы ұлы 97 кг салмақта сайысқа түседі. Бұған дейін де бірқатар байрақты бәсекеде айшықты өнерлерімен көзге түскен Майс Әлиев (70 кг), Дінмұхаммед Қошқар (86 кг), Айбек Айтбековтің де (92 кг) жолына үлкен үмітпен қарап отырмыз. Өзге салмақ дәрежелерінде Джахонгир Ахмаджанов (57 кг), Егор Анчугин (61 кг), Рүстем Төлен (65 кг), Ілияс Ерболатов (74 кг), Ерхан Әбіл (79 кг ) және Диас Қалтай (130 кг) күш сынасады.
Грек-рим күресінде де Дунай өзенінің жағалауында Қазақ елінің әнұранын шырқатуға шама-шарқы жететін сайыпқырандар бар. Солардың арасынан Исхар Құрбаев (60 кг), Багдат Сабаз (67 кг), Мерей Мәулетқанов (72 кг), Омар Сатаев (82 кг), Мақсат Сайлау (87 кг) және Юсуф Мациевті (125 кг) бөле-жара атап өтуге болады. Есімдері аталған балуандардың кейбіреуі ересектердің байрақты бәсекелерде өздерін мойындатып үлгерсе, кейбірі жастар буыны арасындағы айқастарда атой солды. Сонымен қатар. Ерасыл Мамырбеков (55 кг), Нурдаулет Капас (63 кг), Нұрасыл Аманәлі (77 кг) және Джохар Узаров та (130 кг) бозкілемге шығады.
Былтырғы жарыста жеңіс тұғырына сынық-сүйем қалғанда сүрінген Лаура Ғаниқызы (50 кг), Зейнеп Баянова (53 кг) және Алина Ертөстік (76 кг) осы жолы қалай да жүлделі орындардың бірін иеленеміз деп құлшынып отыр. Осыдан төрт жыл бұрын қыздардың дүниежүзілік додасында дара шыққан Нилуфар Раимованың (57 кг) да талпынысы айрықша. Таяуда ғана Хорватиядағы әлем чемпионатына қатысып, жұбаныш белдесуінде жеңілген Виктория Хусайнова Ноки Садта бақ сынайды. Осы спортшылармен бірге Алиана Махамбетова (55 кг), Тыныс Дүбек (62 кг), Жаңғыл Бекен (65 кг), Бейбіт Сейдуәлі (68 кг) және Мейрамгүл Мақсот (72 кг) жарыс көрігін қыздырады.





