- 15.11.2025
Бүгін ғана футболдан ӘЧ-2026 іріктеу кезеңі аясында Қазақстан ұлттық құрамасы мен Бельгия арасындағы ойында өзінің ұлттық құрамадағы алғашқы голын соққан, «Қайрат» футбол клубының ойыншысы Дастан Сәтпаев туралы не білеміз?
Қазақ футболының соңғы уақыттағы ең жарқын есімдерінің бірі – Дастан Талғатұлы Сәтпаев. Жас өркеннің танымалдығы мен беделі бүгінде ел шеңберінен асып, халықаралық футбол әлемінің назарын өзіне аударуда. Жас болса да, оның бойындағы талант, еңбекқорлық пен жеңіске деген құштарлық оны болашақта Қазақстан футболының жаңа дәуірін қалыптастыратын тұлғалардың қатарына қосады.
Дастан Сәтпаев 2008 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Балалық шағынан бастап футболға деген ерекше қызығушылық танытып, 8 жасында еліміздің үздік футбол орталықтарының бірі – «Қайрат» академиясына қабылданған. Осы жерден ол үлкен футболдағы алғашқы білімін алып, кәсіби тәрбие көрген.
Жас шабуылшы «Қайрат-Жастар» командасында көзге түсіп, көп ұзамай негізгі құрамға жолдама алады. 2024 жылы Премьер-Лига матчында алғаш рет алаңға шығып, өз деңгейін бірден көрсеткен. 2025 жылдың 2 наурызында ол «Астанаға» қарсы кездесуде кәсіби мансабындағы алғашқы голын соғып, жанкүйерлерінің назарын өзіне бұрды.
2025 жылы Дастан Сәтпаевтың мансабында жаңа белес басталды. Әлемге әйгілі ағылшындық «Челси» клубы жас талантқа ресми қызығушылық танытып, «Қайрат» клубымен келісімге келді. Шартқа сәйкес, Дастан 18 жасқа толған соң, яғни 2026 жылдың жазында Лондон клубына толыққанды ауысады. Бұл трансфер Қазақстан футболы үшін тарихи оқиғалардың бірі. Жас ойыншыға жасалған мұндай сенім – оның талантының және еңбекқорлығының халықаралық деңгейде мойындалғанының дәлелі.
Расында, 2025 жыл Дастан Сәтпаев үшін сәтті жыл болды.
Айта кетейік, Қазақстан мен Бельгия арасындағы ойын тең нәтижемен аяқталды. Есеп – 1:1. Есепті 9-шы минутта Дастан Сәтпаев ашты.












