- 09.11.2025
Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасындағы жалпы кезеңнің төрт туры артта қалды. «Кошелек» телеграм-каналы сол уақыт аралығында қатысушы клубтардың қанша табыс тапқанын жария етті.
Әңгімені «Қайраттан» бастайық. Айды аспанға бір-ақ шығарып, аталған жарыстың негізгі бөлігіне қатысу құқығына ие болған алматылықтардың төрт кездесуідің үшеуінде ұтылып, бір рет тең түскені белгілі. Әрине, ондай нәтижеге көрермендердің көңілі толмады. Десек те қарт құрлықтағы ең белді доп додасында белгіленген жүлде қоры мол екені мәлім. Сол себепті де қаражат жағынан «Қайратта» біраз олжаға кенелді. Осы төрт турдан кейін аталған команданың есепшотына 20,95 миллион еуро аударылды. Бұл – УЕФА Чемпиондар лигасында қатысушылар арасындағы ең төменгі көрсеткіш!
Ал олжаға молынан кенелген клубтар көшін «Манчестер Сити» бастап тұр. Ағылшындардың табысы – 70,1 миллион еуро. Екінші және үшінші орындарда – «ПСЖ» (69,99 млн) мен «Бавария» (69,04 млн). Ал өзге командалардың табысы мынадай – «Ливерпуль» (67,43 млн), «Реал Мадрид» (66,35 млн), «Челси» (64,40 млн), «Арсенал» (64,06 млн), «Боруссия Дортмунд» (60,35 млн), Интер (59,97 млн), «Барселона» (59,83 млн), «Байер» (56,25 млн), «Атлетико» (55,63 млн), Тоттенхэм (55,20 млн), «Ювентус» (47,82 млн), «Айнтрах» (47,52 млн), «Аталанта» (46,57 млн), «Марсель» (45,68 млн), «Монако» (45,56 млн), «Вильярреал» (44,94 млн), «Бенфика» (42,81 млн), «Наполи» (42,71 млн), «Ньюкасл» (41,26 млн), ПСВ (39,46 млн), «Аякс» (38,28 млн), «Брюгге» (37,48 млн), «Спортинг» (35,94 млн), «Олимпиакос» (34,80 млн), «Атлетик» (31,90 млн), «Буде-Глимт» (31,10), «Галатасарай» (31,08 млн), «Копенгаген» (30,95 млн), «Славия» (28,74 млн), «Карабах» (28,40 млн), «Юнион СЖ» (26,43 млн), «Пафос» (24,34 млн) және «Қайрат» (20,95 млн).
Естеріңізге сала кетейік, қожынында әзірге 1 ғана ұпай ғана бар «Қайрат» келесі кездесуін 26 қарашада сырт алаңда Данияның «Копенгаген» клубына қарсы өткізеді.












