Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы өз мәресіне жетті. Ерте көктемде басталып, қоңыр күзге дейін жалғасқан жарыста «Қайрат» алдына жан салмады.
Чемпиондық тәждің тағдыры соңғы 26 турда шешілді. Шешуші ойынды тамашалау үшін жанкүйерлер Алматыдағы Орталық стадионға көптеп жиналды. Матчтың 15 минутында қонақтар есеп ашты. Назми Грипшидің берген пасын Мартин Томасов қақпаға дөп түсірді – 0:1, Одан кейін алаң иелері жанұшыра алға ұмтылды. Астаналықтар да қалыспады. Олардың да есепті еселеуге бірнеше мүмкіндігі болды. Бірақ елордалық футболшылардың әр шабуылына «Қайраттың» қорғаушылары тойтарыс берді.
Үзілістен соң Рафаэль Оразбахтиннің шәкірттері басымдық таныта бастады. Сондай бір қарқынды шабуылдың ақыры Дастан Сәтпаевтің гол әдемі соғуымен аяқталды – 1:1. Тең ойын «Қайратты» қанағаттандыратыны анық. Содан кейін «Астананың» ойыншылары тегеуірінін күшейтіп, жиі алға ұмтылды. Алайда өте сауатты қорғанған алматылықтар тең есепті сақтап қалды.
Сөйтіп, 59 ұпайды қоржынға салған «Қайрат» қатарынан екінші жыл ел чемпионы атанды. Чемпионнан екі ұпай кем жиған «Астана» күміс медальді иеленсе, «Тобыл» қола жүлдені олжалады. Қостанайлық клуб 54 ұпай еншіледі. Одан кейінгі сатыларға мына командалар жайғасты: 4. «Елімай» (48 ұпай), 5. «Ақтөбе» (43), 6. «Жеңіс» (36), 7. «Ордабасы» (35), 8. «Оқжетпес» (35), 9. «Қызылжар» (27), 10. «Ұлытау» (23), 11. «Қайсар» (22), 12. «Жетісу» (21), 13. «Атырау» (19) және 14. «Тұран» (16).