5 қазанда Перудың астанасы – Лимада дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионаты басталады. Үш күнге созылатын бәсекелер барысында 14 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Бұл жарыста Қазақ елінің туы астында 18 балуан өнер көрсетеді. 

Ұлттық олимпиадалық комитет

Ұлдар арасында Талғат Орынбасардың есімі көпшілікке таныс. Аса жеңіл салмақта күресіп жүрген ол осыған дейін жасөспірімдердің әлемдік сайысында қола медаль иеленсе, 2023 пен 2024 жылдары жастардың жарысында дәл сол нәтижені қайталады. Былтыр Душанбедегі додада Талғат сербиялық Матью Жеремик пен қырғыз Адис Орозмаматовты жолынан ығыстырып, ширек финалда тәжік Лоик Кудбуддиновке есе жіберді. Одан кейін италиялық Винченцо Манферлотти мен әзербайжандық Низами Имрановты ұтып, үшінші сатыға табан тіреді. Бұл жолы қазақ жанкүйерлері Талғаттан алтын медаль күтеді. Сондай-ақ, аталған жарыста Телжан Сұлтанбай (60 кг), Ақылжан Жұбатқанов, Қайырхан Әбдірахман (66 кг), Омар Нұрбергенов (73 кг), Даниил Крылов, Арман Біләлханов (90 кг), Асқар Бержанов (100 кг) және Жантілек Нұртілепұлы (+100 кг) белдеседі.

Қыздардың сайысында Тасним Әбдуәлі, Сабина Юлдашбекова (48 кг), Нұрайлым Сәрсенбек, Аяулым Қайрат (52 кг), Дана Әбдірова (57 кг), Ділназ Досберген (63 кг), Көркем Орымбек (70 кг) және Анастасия Нагачевская мен Салтанат Ахметоваға (+78 кг) сенім артылып отыр.

Былтыр Тәжікстанның бас шаһарында өткен әлем чемпионатында Талғат Орынбасардан бөлек, Азат Күмісбай жеңіс тұғырына көтерілді. 81 кг салмақта сынға түскен қандасымыз да қола медальді мойында жарқыратты. Душанбегі жарыстың жалпы командалық есебінде Жапония құрамасы алдына жан салмады. Күн шығыс елінің жалынды жастары 6 алтын, 5 күміс және 1 қоланы қоржынға салды. Екінші және үшінші орындарда – Қытай (1+2+0) мен Франция (1+1+2).