- 27.09.2025
IJF-тің жаңартылған рейтингінде Қазақстанның ең белді дзюдошыларының бірі Әбиба Әбужақынова 48 кг салмақ дәрежесінің әлемдік рейтингінде жеке-дара көш бастады. Ал осыған дейін алдына жан салмай келген италиялық Ассунта Скутто үшінші сатыға сырғып түссе, ресейлік Сәбина Гилязова екінші орынға көтерілді.
Жоғарыда есімдері аталған татами шеберлерінің барлығы да мықты. 28 жастағы Әбибаның қоржынында әлем чемпионатының бір күмісі мен екі қоласы бар. Ол – Азия ойындары мен құрлық біріншілігінің екі дүркін финалисі. 30 жастағы Сәбина қарт құрлықтың басты додасында екі рет үздік үштікті түйінеді. 23 жастағы Ассунта әлем чемпионы, сол жарыстың күміс және екі дүркін қола жүлдегері. Яғни, олардың үздіктер тізімінің алдыңғы легінде тұруы заңды.
Соңғы бес жылда өрелі өнері, жанкештілігі мен табандылығы және де толағай табысымен өз жанкүйерлерін қуантып жүрген қазақ қызы Олимпия ойындарында ғана жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ. Осы жағы бізді қынжылтады. Әбужақынова татамиде асқан шеберлік танытуда. Ол бәсекенің соңына дейін күреседі. Тартынып қалу, өз-өзін аяу деген жоқ. Осындай жеңіске деген құштарлығы керемет спортшыны күллі Алаш жұрты Лос-Анджелес Олимпиадасының биігінен көруді армандайтыны анық.
Өкінішке қарай, Қазақстан құрама командасы сапындағы Әбиба Әбужақыновадан басқа дзюдошылары қарқыны бәсең. Одан кейінгі тәуір көрсеткіш Ғалия Тынбаеваға тиесілі. Ол 24 орынды иеленуде. Ғалия да Әбибамен бірге аса жеңіл салмақта сынға түсіп жүр. Ара-тұра Гранд-Слэм мен Гран-при турнирлері және құрлықтық жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріліп жүрген Тынбаева алдағы уақытта әлем чемпионатында атой салады деп үміттенеміз.
Ал өзге қыздарымыз IJF рейтингінде мынадай сатыларға жайғасты: Назгүл Маратова (+78 кг) – 28, Есимгүл Куюлова (63 кг) – 42, Кәмила Берліқаш (+78 кг) – 46, Бақыт Құсақбаева (57 кг) – 58, Толағанай Әбеуова (52 кг) – 61, Екатерина Токарева (70 кг) – 65, Карина Тәкиева (+78 кг) – 65, Ақерке Рамазанова (+78 кг) – 68, Аруна Жанкелдина (78 кг) – 75 және Самалай Ерғалиева (63 кг) – 93 орын.
Әйелдер арасында Әбиба Әбужақыновадан бөлек, косовалық Дистрия Красничи (52 кг), грузиялық Этери Липартелиани (57 кг), канадалық Катрин Бошмен-Пинар (63 кг), хорватиялық Лара Цветко (70 кг), португалиялық Патрицио Сампайо және оңтүстіккореялық Хиенжи Ли (+78 кг) өз салмақ дәрежелерінде дара тұр.
Бүгінгі таңда ТОП-10-дықтың қатарына Францияның – 12, Жапонияның -11, Германияның – 6, Оңтүстік Корея мен Хорватияның – 4, Ресей, Италия, Испания, Нидерландтың – 3, Қытай, Косово, Моңғолия, Бразилияның – 2, Қазақстан, Швеция, БАӘ, Грузия, Канада, Сербия, Аустрия, Мажарстан, Португалия, Ұлыбритания, Словения, Колумбия және Израильдің – 1 бұрымдысы еніп отыр.
Ерлердің рейтингінде осыдан бірер екі-үш ай бұрын ғана ТОП-дықта Қазақстанның екі балуаны бар еді. Олар – Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев. Бірақ олар қазір өз позицияларын біраз әлсіретіп алды. 60 кг салмақтағы Елдос 9 орыннан 15 сатыға сырғып түсті. Күні кешегіге дейін үздік ондықты түйіндеп тұрған 66 кг салмақ дәрежесіндегі Ғұсман қазіргі кезде 12 орынды иеленуде. Аса жеңіл салмақтағы Мағжан Шамшаддин 18 орынды еншілесе, Талғат Орынбасар 25 сатыға жайғасты. Нұрқанат Серікбаев – 39, Шерзод Давлатов – 42, Дәурен Сүйкенов – 57, Нұрәділ Әлжан – 96 орындарда. Олардың барлығы да Олимпиада және әлем чемпионы Сметовті өкшелеп келе жатқан жігіттер. Ал Қырғызбаевтің көлеңкесінде жүргендер арасынан Жанарыс Рақыметқали (48 орын) , Бауыржан Нарбаев (№70), Нұрмұхамет Ботабайды (№90) атап өтуге болады.
81 кг салмақтағы Абылайхан Жұбаназардың да қарқыны жаман емес. Азия ойындарының қола және Гранд-Слэм жарыстарының алты дүркін жүлдегері 15 орынға тұрақтады. Алыптармен айқасып жүрген Ерасыл Қажыбаевтың да қарқыны тәуір. Ол 21 сатыға табан тіреді. Ерасыл да бірқатар халықаралық турнирлер мен құрлықтық деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді.
Қазақстанның ерлер құрамасының өзге мүшелерінің IJF рейтингіндегі орындары мынадай: Нұрлыхан Шархан (100 кг) – 29, Мейірлан Максим (90 кг) – 37, Марат Байқамұров (100 кг) – 42, Ермахан Әнуарбеков (90 кг) – 48, Ислам Бозбаев (100 кг) – 50, Азат Күмісбай (81 кг) – 52, Бақытжан Әбдурахманов (73 кг) – 53, Данияр Шамшаев (73 кг) – 60, Есет Қуанов (73 кг) – 61, Бағжан Байтас (100 кг) – 70, Әділет Сапарғалиев (100 кг) – 72, Мәди Еділбаев (+100 кг) – 81, Бейбіт Мәдеиев (100 кг) – 82, Ғалымжан Қырықбай (+100 кг) – 83, Мейіржан Жұмабек – 90, Ислам Тоқтасын (73 кг) – 91 және Айдар Арапов (90 кг) – 97 орын.
Әлемдік дзюдоның даму барысы жайында айтар болсақ, бүгінгі таңда Жапония мен Ресейдің қарқына күшті. Күн шығыс елінің төрт тарланы әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Олар – Рюдзю Нагаяма (60 кг), Такэши Такэока (66 кг), Тацуки Ишихара (73 кг) және Санширо Мурао (90 кг). IJF-тің туы астында өнер көрсетіп жүрген көршілеріміз үш балуаны – Тимур Арбузов (81 кг), Матвей Каниковский (100 кг) және Инал Тасоев (+100 кг) алдарына жан салар емес.
ТОП-10-дықта да жоғарыда аталған мемлекет өклдерінің қарасы мол. Тарқатып айтсақ, Ресейдің – 12, Жапонияның – 11, Әзербайжан мен Грузияның – 7, Франция мен Тәжікстанның – 6, Бразилияның – 4, БАӘ-нің – 3, Оңтүстік Корея – 2, Тайпей, Моңғолия, Өзбекстан, Италия, АҚШ, Канада, Беларусь, Эстония, Испания, Грекия, Украина және Кубаның – 1 дүдүлүлін сол тізімнен кезіктіруге болады.


