- 28.09.2025
Жексенбіде Алатау баурайындағы әсем шаһарда «Алматы марафоны» өтті. Қала әкімдегінің қолдауымен ұйымдастырылған дәстүрі жарыста әлемнің 60-тан астам мемлекетінен келген 16 мыңнан аса қатысушы бақ сынады.
Жарыс жолынан шыққандар арасында жас бала да, егде тартқан қариялар да, кәсіпқойлар мен әуесқой спортшылар да кездесті. Бәсеке басталар тұта Филиппинен келген Джон Флорида есімді мейманды сөзге тартқан едік. «Мыңдаған адамммен бір мезетте бірге жүгірудің өзі ғанибет қой. Оның үстіне, қазір Алматыда ауа-райы өте жақсы болып тұр. Күн шуағын шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда. Атмосфера да керемет. Бәрі де жеңіске жетеміз деп жқлқынып тұр. Бір сөзбен айтсақ, жарысқа қолайлы жағдайдың бәрі де жасалған. Ұйымдастыру тарапынан бір гәп жоқ. Олай болса, шама-шарқымызға қарай, барынша нәтижелі өнер көрсетуде тырысамыз», – деп ол ағынан жарылды.
Әйелдер арасындағы марафонда Анастасия Деркачтың мерейі үстем болды. Желдей жүйткіп келе жатқан ресейлік желаяқ тура мәреге жақындағанда сүрініп құлайды. Жанында тұрған волонтер оған көмек беруге әрекет жасайды. Бірақ Анастасия оны маңына жақындатпады. Себебі, ондай сәтте спортшыға басқа біреу көмек көрсететін болса, онда ол жарыстан шеттетіледі. Сөйті де өзі орыннан тұрып, мәре сызығын қиып өтті. Деркачтың уақыты – 2 сағат 41 минут 24 секунд. Бұл – «Алматы марафонының» жаңа рекорды! Күміс жүлдені жеңімпаздың отандасы Елена Толстых жеңіп алса, Өзбекстанның өкілі Екатерина Тунгускова қола медальді иеленді.
Ерлердің жарысында Виталий Шафар шашасына шақ жұқтырмады. Украиналық марафоншы 42 шақырым 195 метрлік қашықтықты 2 сағат 19 минут 38 секундта жүгіріп өтті. Екінші және үшінші орын көршілес мемлекеттерден келген спортшыларға бұйырды. Бұл жүлделердің иегерлері – қырғызстандық Илья Тяпкин пен өзбекстандық Андрей Петров.
Жартылай марафонда (21 шақырым 97,5 метр) ерлер арасында Нұрсұлтан Кенешбеков (Қырғызстан) қарсылас шыдатпаса, әйелдердің бәсекесінде Айнұсқа Калидің (Қырғызстан) бағы жанды. 10 шақырымдық сайыста Нодирбек Муталипов (Өзбекстан) мен Жанна Мамажанова (Қазақстан) жеңімпаз атанды.








