Үндістанның Бхубанешвар қаласында үстел теннисінен командалық
Азия чемпионаты аяқталды. Өкінішке қарай, Қазақстанның ерлер
құрамасы 1/8 финалдық межеден аса алмады.
Топтық турнирде қарсылас шыдатпай, бірінші орынды иеленген
жерлестеріміз плей-офф додасында Солтүстік Кореямен сайысқа түсті.
Алғашқы кездесуде Кирилл Герасименко Хэм Ю Сонды (3:0) ойсыра
ұтқанымен, келесі ойындарда Алан Құрманғалиев Ри Чон Сиктен (2:3),
Санжар Жұбанов Чон Чон Бомнан (0:3) жеңілді. Шешуші бәсекеге
Герасименко қайта шықты. Бірақ бұл жолы ол Ри Чон Сиктен (2:3) айласын
асыра алмады. Одан кейін Сингапурге есе жіберген біздің жігітттер
қорытынды есепте 10 орында қалып қойды.
Қазақстанның әйелдер құрамасы өз тобында екінші орынды иеленді.
Жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігінен айырылған отандастарымыз
жұбаныш бәсекелерінде Ираннан (1:3) ұтылып, Макаодан (3:0) басым түсті.
Сөйтіп, қыздарымыз 13 орынды қанағат тұтты. Үнді елінде біздің команда
сапында Зәуреш Ақашева, Сарвиноз Мірқадырова, Жанерке Көшкімбаева,
Әлбина Жақсылықова сынды ойыншылар өнер көрсетті.