- 14.04.2020
Динара Сафина 1986 жылдың 27 сәуірінде дүниеге келді. Күні кеше ғана өрелі өнерімен төрткүл дүние жанкүйерлерін тамсандырған Ресейдің атақты теннисшісі бүгін 35 жасқа толып отыр. Негізінде бұл спортшы жайында біз бекер әңгімелеп отырған жоқпыз. Сафина 2009 жылдың сәуір айында WTA тізімінде көш бастап, әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Осылайша, Динараның есімі Ислам дінін ұстанған қыздар арасында осындай орасан зор биікке көтерілген тұңғыш теннисші ретінде тарихта қалды.
Динара Мәскеудің тумасы. Оның отбасы мүшелерінің барлығының да
осы спорт түріне тікелей қатысы бар. Әкесі Мубин Алексейұлы Ресей астанасында
орналасқан теннис клубтарының бірінің директоры. Анасы Рауза Мұхаметжанқызы
өткен ғасырдың алпысыншы жылдары спорттың осы түрінен командалық сайыста КСРО
халықтары Спартакиадасының жеңімпазы атанып, жекелеген бәсекеде КСРО біріншілігінде
күміс медальді жеңіп алды. Басқа да көптеген халықаралық және бүкілодақтық
жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді. Ал Динара Мубинқызының туған ағасы Марат
Сафин туралы ұзақ әңгімелеуге болады. Оның ғасырлар тоғысында әлемдік рейтингте
көш бастағанын спорт сүйер қауым ұмыта қойған жоқ. 2000 жылы АҚШ-тың ашық біріншілігінде
бас жүлдені олжалаған Марат 2005 жылы Аустралия оупен турнирінде топ жарды. Ролан
Гаррос пен Уимблдонның жартылай финалына дейін жетіп, АТР додаларында 15 рет
теңдессіз деп танылды. Бір сөзбен айтсақ, Марат Сафин өз дәуірінің теңдессіз
теннисшілерінің бірі болды.
Теннисшілер отбасында өскен Динараның осы спорт түрін таңдаудан
басқа амалы қалмады. Жеті жасында қолына алғаш рет ракетка ұстаған қыз өз құрбылары
арасында өткен көптеген жарыстарда жеңіске жетіп, жастайынан көзге түсті.
Шеберлігі шындала келе Испанияғы қоныс аударып, Валенсия қаласында танымал
хорватиялық бапкер Желько Кроянның қол астында жаттықты. 2000 жылдан бері ол әйелдер
арасында күш сынасуда. Сафина үнемі шабуылдап, агрессивті ойын стилін ұнататын
ойыншы. Өзі де дамылдауды білмейді, қарсыластарына да босаңсуға еш мүмкіндік
бермейді. Бәсекені басынан аяғына дейін жоғары қарқында өткізеді. Оның соққысы
да өте жойқын. Ал кемшілігі жайында айтар болсақ, эмоцияға берілгіш. Егер
бастапқыда бәсекені сәтсіз бастаса, кездесудің соңына дейін қайта қалпына келуі
қиын.
Динара Сафина 2008-2009 жылдар аралығында өте тамаша өнер
көрсетіп, толағай табыстарға қол жеткізді. Атап айтсақ, сол аралықта Ролан
Гарроста екі мәрте және Аустралияның ашық біріншілігінде бір рет финалға шықты.
Бұл турнирлердің шешуші түсында ол өзінің отандасы Светлана Кузнецова мен
сербиялық Ана Иванович және америкалық Серена Уильямстен ұтылды. Уимблдон мен
АҚШ-тың ашық біріншілігінің ширек финалына дейін жетті. WTA турнирлерінде 12
мәрте топ жарды. Осы табыстардың арқасында 2009 жылдың 20 сәурінде әлемнің
бірінші ракеткасы атанып, жарты жылға жуық уақыт бойы сол тұғырдан төмендеген
жоқ. Сөйтіп, Сафинаның есімі мұсылман қыздары арасында осындай биік дәрежеге
жеткен тұңғыш теннисші ретінде тарихта қалды. Сол жылдың 12 қазанында америкалық
Серена Уильямс ресейлік теннисшіні тұғырдан тайдырды. Арада екі апта өткеннен
соң Динара қайта дүниежүзілік рейтингте көш бастады. Бірақ татар қызы жеңіс
тұғырының ең биік сатысында ұзақ тұрақтаған жоқ. 2 қарашада АҚШ-тың атақты
теннисшісі тізгінді қайта өз қолына алды.
Динара 25 жасында үлкен спорттан қол үзді. Бір қарағанда,
бұл нағыз кемеліне жеткен атой салатын шағы еді ғой. Алайда тасы өрге домалап
тұрған тұста аса дарынды теннисшінің денсаулығы сыр берді. Бәсекелер барысында
жиі жарақат алып, соның азабын молынан тартты. 2010 жылдың соңында әлемдік
рейтингте 62-орында қанағат тұтса, 2011 жылы 129-сатыға сырғып түсті. Содан
кейін Сафина ракеткасын қорабына салды.
Спортпен қош айтысқаннан соң атақты ойыншы біраз уақыт «Eurosport» арнасынан теннисшілер бәсекесінен тікелей репортаждар жүргізді. «Кремль кубогы» жолындағы жарысты ұйымдаструшылардың бірі болды. Бұл күндері дәулеті тасыған Монте-Карлода тұрып жатқан Динара Сафина жаттықтырушылық кәсіппен айналысуды көздеп отыр.







