Сауд Арабиясының астанасы – Эр-Риядта WTA-ның қорытынды турнирі аяқталды. Осы жарыста бақ сынаған еліміздің ең үздік теннисшісі Елена Рыбакина асқан шеберлігімен миллиондаған көрерменді тәнті етіп, бас жүлдені олжалады.

 Аталған турнирде Еленаның жолы кіл мықтылармен қиысты. Тұсаукесер кездесуінде ол WTА тізімінде төртінші орында тұрған Аманда Анисимовамен айқасты. АҚШ теннисшісінің биыл US Open мен Уимблдон додаларының финалында ойнағанын ескерсек, «Ол Эр-Риядқа жақсы бабында келді» деп айтуға толық негіз бар. Десек те жерлесіміз Анисимованы бет қаратпай ұтты – 6:3, 6:1. Келесі ойында отандасымыз Ига Швёнтекпен шеберлік байқасты. Әлемнің экс-бірінші ракеткасы Ролан Гарроста төрт мәрте топ жарып, US Open мен Уимблдонды бір-бір реттен ұтқанын жанкүйерлер жақсы біледі. Қазір ол WTА рейтингінде екінші орынды олжалауда. Бірінші сет поляк қызының пайдасына шешілді – 6:3. Есесіне қарқынын күрт күшейткен Рыбакина келесі сеттерде Швёнтектің тас-талқанын шығарды – 6:1, 6:0.

Ұлттық Олимпиадалық комитет

Топтық турнирдегі соңғы матчын Елена америкалық Мэдисон Кизге қарсы өткізуге тиіс еді. Алайда денсаулығының сыр беруіне байланысты қарсыласы кортқа шығудан бас тартты. Оны ресейлік Екатерина Александрова алмастырды. Рыбакина ТОП-10-дықты түйіндеп тұрған ойыншының осал тұсын оңай тапты – 6:4, 6:4. Өз тобында бірінші орын алған отандасымыз жартылай финалда Джессика Пегуламен шеберлік байқасты. Былтыр US Open турнирінің финалына дейін жеткен АҚШ-тың өкілі бұл күндері әлемдік рейтингте бесінші орынды еншілеуде. Алайда ол да Рыбакинаға жарытып қарсылық көрсете алмады – 4:6, 6:4, 6:3.

 

Финалда жерлесіміздің жолы бүгінгі таңда төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылып отырған Арина Соболенкомен қиысты. Беларусьтің беткеұстары «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардың төрт дүркін жеңімпазы атанып, WTA додаларында 21 рет топ жарды. Осыдан үш жыл бұрын Арина WTA-ның қорытынды турнирінің финалында өнер көрсетті. Бірақ ол азулы қарсыласын атағынан ол қаймыққан жоқ. Шешуші бәсекеде өте сенімді ойнаған Рыбакина 6:3, 7:6 есебімен Соболенкоға сан соқтырып, бас жүлдені олжалады. 

Елена Рыбакина Эр-Риядтағы жеңісінен кейін WTA-ның қорытынды турнирінде бас жүлдені олжалаған Қазақстанның тұңғыш теннисшісі ретінде тарихта қалды. Сонымен қатар, оның есімі Азия құрлығынан осындай деңгейге жеткен тұңғыш ойыншы ретінде де спорттық шежірге алтын әріптермен жазылды. Естеріңізге сала кетейік, Еленаға дейін 2013 жылы Ли На мен 2024 жылы Циньвэнь Чжэн бас жүлде үшін таласып, екеуі де шешуші сайыста ұтылған еді. Осы табысының арқасында еліміздің бірінші ракеткасы ұйымдаструшылар тарапынан 5,235 миллион АҚШ доллары көлемінде сыйақы алды.

Ұлттық Олимпиадалық комитет