Өз замандастарымыздың арасында дарыны асса да, бағы аспаған
азаматтар аз емес. Солардың бірі – Нұржан Қатаев. Тұлғасы келіскен,
жауырыны қақпақтай қазақтың қайсар ұлы әуелі еркін күрестен
жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы атанып,
жастардың құрлықтық додасында қарсылас шақ келтірмеді. Шеберлігі
шыңдала келе ересектер дуына қосылған Қатаев 2003-2010 жылдар
аралығында Азия чемпионы, сол жарыстың екі дүркін күміс және екі
дүркін қола жүлдегері атанды. Бірқатар аса ірі халықаралық
турнирлерде үздіктер қатарынан көрінді. Десек те оған әр спортшы
атаулының арманы – Олимпия ойындарында бақ сынау бақыты
бұйырмады. Неге? Неліктен? Әңгіме барысында осы сауалды
кейіпкеріміздің өзіне қоюды жөн көрдік…

Н. Қатаев Instagram парақшасынан

– Мен 1983 жылы қазіргі Түркістан облысы Леңгір қаласында ұстаздар
отбасында дүниеге келдім, – деп бастады өз әңгімесін Нұржан.

– Әкем
Жолымбек мектеп директоры болса, анам Шәйгүл бастаушы сыныпта сабақ
берді. Екеуі де бір ұжымда 40 жылдан аса еңбек етті. Отбасымызда бес
ағайындымыз. Әкеміз бізді балауса кезімізден спортқа баулыды. Барлығымыз
еркін күресті таңдадық. Үлкен ағам Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова
атындағы спорт мектеп-интернатында оқып, КСРО спорт шебері нормативін
орындады. Леңгірде жергілікті жаттықтырушы Бақыт Оразбаевтан күрестің
қыр-сырына қаныққаннан кейін мен де 13 жасымда көміршілер қаласына
аттандым. Атағы алысқа жайылған мектеп-интернатта көптеген мықты
балуандарды дайындаған білікті бапкер Виталий Погребной және Марат пен
Шавқат Мұрсалимовтың қол астында жаттықтым. Үш-төрт ай дайындалғаннан кейін өз құрдастарымның арасында Есілде өткен ел
біріншілігінде топ жардым. Содан кейін түрлі жас ерекшеліктері бойынша
үздіксіз ұйымдастырылып тұратын жарыстарда жеңіс тұғырының ең биік
сатысынан түскен емеспін.
– Алғаш рет халықаралық аренаға қашан шыққан кез есіңізде
шығар?
– Алғаш рет Мәскеуге сапарладым. 1998 жылы Ресейдің астанасында І
Дүниежүзілік жасөспірімдер ойындарының алау тұтанды. Мен қола медаль
үшін бәсекеде ұтылдым. Есесіне келесі жылы Польшаның Лодзь қаласында
жалауы желбіреген жасөспірімдердің әлем біріншілігінде қарсы келгендерді
сыпыра ұтып, бас жүлдені олжаладым. 2000 жылы Нью-Делиде жастар
арасында Азия чемпионы атандым.
– Нұржан, спорттық өмірбаяныңызға үңілсек, Азия чемпионатында
96 кг салмақта күресіп, бес рет жеңіс тұғырына көтерілген екенсіз.
Әсіресе, 2006 жыл сіз үшін табысты болды. Алматыда өткен дүбрлі
додада бас жүлдені қанжығаңызға байладыңыз. Сол сәтті жадыңызда бір
жаңғыртсаңыз…
– Алатау баурайында өткен жарыс менің спорттық мансабымдағы ең
мерейлі сәт екені сөзсіз. Осы жарысты тамашалау үшін Балуан Шолақ
атындағы спорт сарайына көрермендер өте көп жиналды. Керемет атмосфера
орнап, жанкүйерлер қазақ балуандарына барынша қолдау көрсетті. Алматыда
еркін күрес шеберлері өз тарихында тұңғыш рет Азия чемпионатының
командалық есебінде көш бастады. Қоржынымызда – 3 алтын мен 2 қола.
– Қалған жарыстарда қос күміс пен қос қола медальді олжаладыңыз.
Шешуші сәттерде жеңіске жету үшін сізге не жетпеді деп ойлайсыз?
– Кезінде осы мәселе мені де толғандыратын. Кейіннен барлығы да
ғылым мен медицинаның әлсіздігіненен екенін жіті түсіндім. Негізі қазақ
балуандары физикалық тұрғыдан мықты. Күш-қуатымыз жетерлік, техника жағынан да ешкімнен кемшін емеспіз. Бірақ жоғарыда айтылған мәселелер
бойынша көптеген мемлекеттен артта қалып қойғанбыз. Қазақстанда таза
спортқа бейімделген ғылыми институт атымен жоқ. Біздің кезде Алматыдағы
диспансерден өтіп, ЭКГ ғана тапсыратынбыз. Олар В12 дәрісін салып береді,
ішетініміз тек рибаксин мен витрум. Басқа түк жоқ. Витаминизация жайына
мүлде айтпай-ақ қойса да болады. Оқу-жаттығу жиыны Алматыдағы Қарғалы
базасында өтетін. Ол жерде кәдімгі қатардағы адамдар, яғни демалушылар
ішетін тамақпен қоректенеміз. Ал спортшыға құнарлы тамақ қажет.
Тынымсыз жаттығып, үздіксіз жарыстарға қатысқаннан кейін ағзаға үлкен ауыртпалық түседі. Оның сыртында ірілі-ұсақ жарақаттар болады. Дер
кезінде соны емдеп, қалпына келтірмесе, денсаулық сыр беретіні белгілі. Дәл
сондай мең-зең күйде талай жарысқа қатыстық. Бастапқы бәсекелерде намысқа тырысқанымызбен, адамның ағзасы темір емес қой. Күш-қуат кеміген спортшыдан не күтуге болады? Соның салдарынан ұтыламыз.
Бір ғана мысал, бірде кезекті бір дүбірлі додаға АҚШ-тың атақты балуан, кейіннен UFC-дің жарқын жұлдызына айналған Даниэль Кормьені
екі кісі екі иығына салып,салмақ өлшеу рәсіміне көтеріп әкелді. Ол
тәлтіректеп таразыда әзер тұрды. Біз қазір Даниэль талып қалатын шығар деп
ойладық. Әйтеуір, бәрі жабылып оны жатын бөлмесіне сүйретіп әкетті.
Ертеңгі күні әлгі сабазымызды танымай қалдық. Кормье тың, бет-жүзі
жарқын, көңіл-күйі көтеріңкі. Жараған аттай орнында тыпыршып тұр.
Америкалық арлан бозкілемге беттеді де барлық қарсыласын бір деммен
ұтып шықты. Міне, медицинаның мен витаминизацияның құдіреті! Басқа да
елдердің балуандары солай тез қалпына келеді. Ал бізде оның бірі жоқ.
Осыдан ғылымсыз спортты дамыту мүмкін емес деген қорытынды шығады.
– 2005 жылы Ухань мен 2010 жылы Нью-Делиде күміс медальді қанағат тұтқан екенсіз…
– Қытайда Иранның тағы бір мықтысы Хамид Сейфиге бір ұпай
айырмашылығымен жеңілдім. Үндістанда даңқты Реза Язданиге есе жібердім. Сол аралықта бірқатар аса жоғары санаттағы халықаралық турнирлерде атой салдым. Солардың арасындағы мен үшін 2006 жылы
Бакуде өткен «Голден Гран-при» додасының орны ерекше. Әзербайжанның
астанасында тек Олимпиада, әлем пен құрлық чемпионаттары және Иван
Ярыгин, Әли Әлиев, Александр Медведь, Дэйв Шульц секілді аса ірі
халықаралық турнирде жүлде алған ең үздік 16 балуан ғана күш сынасу
құрметіне ие болды. Бакудегі бәсекеде мен қола медальді еншіледім.
– Нұржан, бір басыңызға жететін атағыңыз бар. Ұлттық құрама
сапында жеті-сегіз жылдай жүрдіңіз. Бірақ Олимпия ойындарына бірде-бір рет жолыңыз түспеді. Соның себебін түсіндіре аласыз ба?
–Жалпы мен 2004-2008 жылдар аралығында үнемі бабымда болдым.
Тынымыз еңбектендім, жаттығу залында шелектеп тер төктім. Таңғы сағат
06:00-де тұрып, сағат 21:00-да ұйықтаймын. Демалыс, қыдыру, ойын-сауық
былай тұрсын, тіптен, жақын адамдарымның тойларына да бармадым.
Саналы түрде барлық қызықтан бас тарттым. Білгіңіз келсе, төрт жыл
аралығында бір рет спорттық режимді бұзбадым. Соның арқасында Голден
Гран-при додалар және басқа да жауапты жарыстардың бірде-біреуінен құр
қол қайтқан емеспін. Бар арманым – Олимпиада атой салу еді. 2004 жылы
Афинадағы ойындар қарсаңында іріктеу сайысы ұйымдастырылып, Ислам
Байрамуков екеуміз бозкілемде 45 минут бойы арпалыстық. Бір-бірімізді ала алмадық. Бірақ басшылар мен бапкерлердің таңдауы Исламға түсті.
2008 жылы Бейжің Олимпиадасына кімнің қатысатыны Талдықорғанда
өткен Қазақстан чемпионаты барысында анықталды. Алғашқы айналымда
Дәулет Шабанбайға шаң қаптырдым. Одан кейін Солүстік Осетиядан келген
Таймұраз Тигиевпен күш сынастым. Бірінші кезеңде алға шығып, сол
басымдығымды соңғы минуттарға дейін сақтадым. Айқастың аяқталуына
небары 10 секунд қана қалғанда «баспен ұрдың» деген желеумен мені
жарыстан шеттетті. Тигиевті өзі де лас күреседі, көзден шұқиды, баспен
ұрады. Соны көре тұра төрешілер жұмған ауыздарын ашпады. Жиналған жұрт бәрін байқап тұр ғой. Қазының шешіміне наразы болған олар дүре
түрегелді. Жағдай ушықты. Біреу майып болып қалмасын деп, спорт
кешеніне жиналған жұртты сабырға шықыруға тырыстық. Тыңдап жатқан
ешім жоқ. Содан Таймұразды өзім қолтықтап, оқшаулау жерге жетектеп
апардым. Осындай да жағдай болған. Ақыры Олимпиадаға Тигиевті апарды.
Мен тағы да шетте қалдым.
– Олимпиадаға бара алмадым деген өкініш әлі де жаныңызды
жегідей жейтін шығар…
– Алла тағаланың қалауы солай болған шығар. Олимпиадаға жолым
түспесе де, талай жыл халықаралық аренада Қазақстанның намысын
абыройлы қорғадым. Соған да тәуба.
– Бауыры ыстық бозкілеммен қош айтысқаннан кейін қандай кәсіппен шұғылдандыңыз?
– 2010 жылы үлкен спорттан кеткеннен кейін мемлекеттік қызметке
тұрдым. Премьер-министрдің кеңсесінде 4 жылға жуық еңбек еттім.
Республикалық спорт комитетінде шыңдалдым. Сол аралықта Мемлекеттік
қызмет академиясында оқып, білімімді жетілдірдім. Кейіннен Шымкент
қаласының спорт бөлімін басқардым. 2018-2020 жылдары аралығында
«Ордабасы» футбол клубының президенттігіне тағайындалдым. Мен
басқарған тұста бұрын бірге күрескен шетелдік достарымның көмегімен
Бразилиядан Жоао Пауло, Бельгиядан Зиги Бадибанга, ОАР-дан Махлангу
Май және тағы басқа бірқатар шебер ойыншыларды «Ордабасыға»
алдырдым. Жергілікті кадрларға да көңіл бөлдім. Команда тізгінін кезінде
Еуропаның бірқатар белді клубтарында өнер көрсеткен ТМД мен Грузия
құрамасының тасқамал қорғаушысы Кахабер Цхададзе ұстады. Нәтиже
жаман болған жоқ. Сол уақытта «Ордабасы» УЕФА Еуропа лигасында
ойнады.

– Қазіргі кезде Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті
қызметін атқарып жүрсіз. Жуырда ғана Хорватияда аяқталған әлем
чемпионатының нәтижесіне көңіліңіз толды ма?
– Жалпы алғанда балуандар жақсы күресті. Еркін күрес шеберлері
кемінде бір алатын алады деген үміт болды. Бас жүлдеге Нұрқожа Қайпанов
бір табан жақын болды. Бұл жігіттің бойында чемпионға тән қасиеттің
барлығы бар. Алайда жартылай финалда Қайпанов тактикалық тұрғыда
қателік жеберді. Моңғолдың жасаған бір әдісіне үш рет тойтарыс бергенімен,
төртіншісінде қателесті. Сол қателік Нұрқожаны алтыннан айырды. 23
жастағы Асылжан Есенкелді өзінің қайсар мінезі мен табындылығының
арқасында үздіктер арасынан өз орнын ойып тұрып алды. Оған дән ризамыз.
Ризабек Айтмұхан әлі жаңа салмаққа дұрыс бейімделе алмай жатыр. Уақыт
оза қандасымыз әлі талай биіктерді бағындыратынына сенімдіміз. Біле
білсек, жер жаһанның жампоздары жиналған жарыста қос қола медальді
иеленудің өзі жаман нәтиже емес. Десек те Загребтегі көрсеткішті жақсарту
үшін әлі де еңбектенеміз, тынбай ізденеміз.
Ал грек-рим күресі шеберлері арасынан Айдос Сұлтанғалиге күллі Алаш
жұрты дән риза. Ширек ғасырдан аса уақыттан кейін «классиктер» бас
жүлдеге қол жеткізді. Ол да тарихи сәт! Сол себепті де Айдостың алған
алтыны біздер үшін өте құнды.
– Әңгімеңізге көп рахмет, Нұржан Жолымбекұлы!