- 27.04.2022
Сәуір айының соңында Семейде волейболдан әйелдер арасындағы клубтық Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Бұл бәсекеде Қазақстанның атынан Өскеменнің «Алтайы» мен Петропавлдың «Қуанышы» сайысқа түседі. Олардан бөлек, Иранның «Barij Essence», Таиландтың «Diamond Food-Fine Chef Sport Club», Өзбекстанның «Jizzakh State Pedagogical Institute» және Жапонияның «JT Marvelous» клубтары өз өнерлерін ортаға салады. Осы жауапты жарыс қарсаңында әйгілі волейболшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақытжан Байтөреевпен сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Бақытжан Селмақұлы, сіз де Азияның клубтық чемпионаты Қазақстанда өтетіні жайында жаңалықты естігеніңізде қуанған боларсыз?
– Әрине, ғұлама ақын, ұлы ойшыл, данышпан Абай Құнанбаевтың туған жерінде сары құрлықтың ең үздік волейболшылары сайысқа түсетінін естігенде мен де қатты қуандым. Бұған дейін де дәп осы доданың Қазақстанда үш мәрте ұйымдастырылғаны белгілі. Анықтап айтсақ, ол бәсекелер 2004 жылы Алматыда және 2017 мен 2018 жылдары Өскеменде өтті. Алатау баурайында «Рахат» теңдессіз деп танылса, қалған жарыстарда жерлестеріміз жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Сол соңғы екі бәсекеде жіберген олқылықтың орнын жерлестеріміз Семейде толтырады деп үміттеніп отырмыз.
– Былтыр Таиландта «Алтай» қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тағынды. Алдағы жарыста қатарынан екінші мәрте бас жүлдені олжалауға жерлестеріміздің мүмкіндігі бар ма?
– «Алтайдың» мықты команда екеніне еш шүбә келтірмеймін. Бірақ былтыр коронавирус індеті күллі әлемді әбігерге салғанда Жапония, Қытай және Оңтүстік Кореяның волейболшылары аталған жарысқа қатысудан бас тартқанын естен шығармаған жөн. Осы жайттың өзінен-ақ Тай елінде бәсекелестік деңгейі төмен болғанын байқаймыз. Ал бұл жолы Қазақстанға бірқатар мықты ұжымдар келді деп күтілуде. Сондықтан да Семейдегі жарыста топ жару өскемендіктерге оңайға соқпайтыны анық.
– Былтыр «Алтай» құрлықтың ең үздік командасы ретінде әлем чемпионатында күш сынасу құрметіне ие болды. Алайда Анкарада көш соңында қалып қойдық. Ал жеңіс тұғырына тегістей еуропалықтар көтерілді. Осы жайт қарт құрлықтың өкілдері азиялықтарға қарағанда әлдеқайда алымды екенін аңғартып тұрғандай…
– Әлбетте! Жалпы 1991 жылдан бері әлем чемпионатының жалауы 14 мәрте желбіресе, соның үшеуінде ғана Оңтүстік Американың арулары озды. Соңғы рет олар осыдан 10 жыл бұрын бас жүлдені олжалаған еді. Одан бұрын да және одан кейінгі жарыстарда да еуропалықтардың алдына ешкім түсе алмады. Анкарада да дәл сол жағдай қайталанды. Әсіресе, бізге Түркияның «Вакыфбанк» пен Италияның «Имоко Воллей» арасындағы финалдық сайыс қатты ұнады. Сол ойынды тамсана тамашалдық. Бәсеке басынан аяғына өте шиеленісті өтіп, таразы басы ұзақ уақыт теңселіп тұрды. Қос команданың да ойыншылары алаңда әр ұпай үшін жандарын салып айқасты. Азиядан келген команда мүшелерінің бойынан дәл осындай өжеттік пен табандылық байқалмады. Сонымен қоса, қарт құрлық өкілдерінің физикалық даярлықтары да өте күшті екені көзге ұрып тұрды.
– Қалай болғанда да клубтық жарыстарда біздің қыздар жақсы нәтиже көрсетіп жүргеніне ешкім дау айта алмас. Ал ұлттық командамыздың осы деңгейден көрінуіне не кедергі?
– Жекелеген клубтардың сапында легионерлер бар. Солар кейбір ұжымдарды өрге сүйреп жүр. Ал ұлттық команданың елеулі табыстарға қол жеткізу үшін, ең бірінші кезекте, өз өрендерімізді тәрбиелеуіміз керек. Сонда нәтиже болады.
– Еліміздегі ерлер волейболының деңгейі жайында не айтар едіңіз? Өткен ғасырдың алпысыншы және жетпісінші жылдары Алматының «Буревестнигі» КСРО чемпионы атанып, Еуропа чемпиондары кубогын екі мәрте олжалады. Тоқсаныншы жылдардың басында «Азамат» Азия біріншілігінде дара шықты. Жеңіспен өрілген сол дәстүр келешекте өз жалғасын табады деп ойлайсыз ба?
– Өте қиын сұрақ. Дәл осындай өгіз аяң жүріспен алдағы жылдары «Буревестник» немесе «Азаматтың» деңгейіне жетуіміз неғайбыл. Ол үшін әлі көп еңбектену керек.
– Расында да, соңғы жылдары Қазақстан волейболында ілгерлеу байқалмайды. Уақыт озған сайын алға жылжудың орнына арта кетіп барамыз. Сол тығырықтан шығудың жолын көріп тұрсыз ба?
– Басшылық пен бапкерлер тарапынан «отандық волейболды өрге сүйреймін» деген шынайы ниет болса, жағдайды түзеудің жолы көп. Ең бірінші кезекте, балалар мен жасөспірімдер және студенттер спортын жандандыруға баса назар аудару қажет. Ел-елде, жер-жерде үйірмелерді көптеп ашып, бұл іске білікті бапкерлер тартсақ игі. Екіншіден, материалдық-техникалық базаларды нығайту керек. Шыны керек, бұл жағынан ұяттымыз. Үшіншіден, шетелдік мамандардың көмегіне сүйенудің еш қажеті жоқ. Өз басым осы күнге дейін сырттан келген бапкерлердің бірде-біреуінің «Қазақстан волейболын қалай дамытсам екен?» деп бас қатырып жүргенін көрмедім. Олардың ойлайтындары – тек қарақан басының қамы. Келімсектер қажетті қаржатты қалталарына салғаннан кейін туған жерлеріне тайып тұрады. Өздеріңіз айтыңыздаршы, ширек ғасырдан аса уақыт аралығында Қазақстан волейболының деңгейі өсті ме? Жерлестеріміз халықаралық аренада ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізе алды ма? Жоқ, «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде.
Біздің елде өз ісін жан-тәнімен жақсы көретін, кәсібіне адал, бойында патриоттық рухы бар, волейбол өнерінің «отымен кіріп, күлімен шыққан» мықты бапкерлер жоқ емес. Ең алдымен, келімсектерге емес, жерлестерімізге жағдай жасауымыз керек. Олар жағдайды өзгерте алады. Ал Қазақстанда бәрі керсінше. Федерация басшылары қит етсе, шетелден мамандар шақыртып әлек.
– Шетелден білікті бапкерлер шақырту әлемде бар тәжірибе ғой. Сізге оның несі ұнамайды?
– Иә, ол пікіріңізбен келісемін. Егер сырттан келген мамандар, шын мәнінде, білімді әрі білікті болса, онда әңгіме басқа. Ондай құнды қадрларды құшақ жая қарсы алатын едік. Бірақ бізге келіп жатқандар мықтылардың санатынан емес. Олардың барлығы да ортаң қол бапкерлер. Ондай мамандар өздерімізде де жетіп артылады. Әсіресе, ұлттық құраманың бас бапкерін тағайындау кезінде осы мәселеге мұқият болу қажет. Өйткені, өзгелер үшін Қазақстан спортының абыройы мен мәртебесінің құны көк тиын. Осы орайда, мына бір деректі алға тартуды жөн көріп отырмын: 2016 және 2021 жылдары өткен соңғы екі Олимпия ойындарының әйелдер арасындағы сайысында Қытай мен АҚШ құрамалары алтыннан алқа тағынды. Аталған командалардың екеуін де жергілікті мамандар баптады. Аспанасты елінің аруларын Ла Пин, америкалықтарды Карч Кирали жаттықтырды. Ерлердің жағдайы да дәп солай. Рио-де-Жанейро дара шыққан бразилиялықтарға Бернардо Резенде, Токиода топ жарған француздарға Лоран Тийи жетекшілік етті. Міне, өз мамандарына сенім артқан командалардың қол жеткізген табыстары осындай!
– 2010-2011 жылдар аралығында сіз Қазақстанның әйелдер құрамасың бас бапкері болдыңыз. Сол кезде отандастарымыз өз тарихында тұңғыш рет Азия ойындарында жеңіс тұғырына көтеріліп, барша жанкүйерді қуантқан еді. Бірақ бұл қызметте сіз ұзақ тұрақтамадыңыз. Неге?
– 2010 жылы ұлттық команданың бас бапкері болып тағайындалғаннан кейін өзіме жүктелген міндетті абыройлы атқару үшін көп еңбектендім. Іздендім. Жаттығу жүйесіне жаңашылдық енгіздім. Тәртіп пен талапты басты назарда ұстадым. Нәтижесі жаман болған жоқ. Сол жылы Қытайдың Гуанжоу қаласында алауы тұтанған жазғы Азия ойындарында қола медальді жеңіп алдық. Оған дейін де, одан кейін де Қазақстанның волейболшылары Азиадада жеңіс тұғырына көтерілген емес. Осы орайда, еңбегім лайықты бағалануы керек еді. Бірақ бәрі керсінше болды. Түрлі сылтауды желеу еткен республикалық федерацияның басшылары көп ұзамай мені бұл қызметтен босатты. Не себепті екенін өзім әлі де түсіне алмай жүрмін.
– Одан кейінде бапкерлік кәсіптен қол үзбеген боларсыз? Қазіргі қызметіңіз қандай?
– Біраз уақыт «Тараз» бен «Алтай» клубтарында жаттықтырдым. Көп ұзамай Ресейден шақырту алып, сол елдің суперлигасында өнер көрсететін Калининградтың «Локомотив», Саратовтың «Протон» және Красноярскінің «Енисейін» баптадым. Қазіргі кезде ҚР Ғылым және білім министрілігіне қарасты Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығында еңбек етіп жатқан жайым бар.
– Әңгімеңізге көп рахмет!

